Хабар

«Жетісу» волейболшы қыздары Азия чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды

Жақында ғана Өскеменде басты қарсыластары «Берелді» сан соқтырып ел чемпионы атанған «Жетісу» волейболшы қыздары енді Азия чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды. Байрақты бәсеке сәуірдің 18-і мен 28-і аралығында Филиппинде өтеді. Құрлық мықтыларының жарысына 12 команда қатысса, Талдықорғандықтардың қарсыласы да белгілі. «А» тобында Филиппин мен Иордания чемпиондарымен жолығады. Еске салайық, сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» биыл ұлттық лига командалары арасында үздік шығып, Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы атанған болатын. Біріншілік қорытындысы бойынша команда капитаны Карина Денисова үздік ойыншы атанса, Мәдина Бекет үздік қорғаушы, Дарья Шаргородская үздік байланыстырушы болып танылған.