Алматыда самбо мен қазақ күресінен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған әскерилер арасындағы ашық біріншілік өтті. Армияшылардың спорт кешенінде ұйымдастырылған осынау бәсекеге еліміздің барлық өңірінен 400-ден аса спортшы қатысты.
Жарыс шымылдығын ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ашып берді. «Әскери спорттың әлеуетін арттыру – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан осынау жарысқа самбо мен қазақ күресінен әлемдік және құрлықтық додаларда топ жарып жүрген барлық әскери қызметкерлер жиналды. Алдағы уақытта да әскери спорттық инфрақұрылымды жақсартып сарбаздардың шеберлігін шыңдай түсеміз»,-деді еліміздегі самбо федерациясының президенті.
Самбошылар 7 салмақта сынға түсіп, Айбек Қалимов пен Жандос Бейсенбаев, Арнұр Қуатай мен Санжар Нұрсейіт, Азат Қуанов пен Болат Сапар және Әділ Оразбаевтар өз салмақтарында оза шапты.
Ербол Құмарбекұлы, ҚР Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы:
- Қазір Қорғаныс министрлігі самбо мен қазақ күресінің дамуын басты назарда ұстап отыр. Алдағы жоспарымызды айтар болсақ, күрес залдарын заманауи үлгідегі құралдармен жабдықтап, әскери мектептерде оқитын жастардың спортпен шұғылдануына толықтай жағдай жасау. Бұл келешекте өз жемісін беріп, сортшыларымыз әлемдік биіктерді бағындырады деген үміт басым.
Жарыстың екінші күні қазақ күресінің мықтылары бозкілемге шықты. Қарсыластарын алып та, шалып та жыққан Бекжан Төлепов 58 келіде топ жарса, Ернұр Сүлеймен 60 келіде алдына жан салмады. Сондай-ақ Әшім Сағындық пен Жұмажан Қожамбеков, Ахметқали Әділет пен Айдар Бескемпір және Құдірет Досымовтар өз салмақтарында чемпион атанды. Алыптар бәсекесінде армияшылар үкілеген Ғалымжан Қырықбай ешкімге дес бермеді.
Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт коммитетінің төрағасы:
- Осы жылы тамыз айында тұңғыш рет Астана қаласында қазақ күресінен әскерилер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Бүгінгі жарыс соған іріктеу десек те болады. Осы самбо мен қазақ күресінен ұйымдастырылған ашық біріншілікке барлық ішкі әскери құрылымдардың спортшылары қатысты. Бұл дегеніңіз қазақ күресі мен самбоның дамуына өз ықпалын тигізіп, жастардың спортқа деген қызығушылығы арта түседі деп есептеймін.
Жарыс қортындысы бойынша командалық сында Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери спорт клубы бірінші орыннан көрінсе, Ұлттық гвардия екінші, Арнайы операциялық күштер құрамасы үштікті түйіндеді.