Алматыда С. Нұрмағамбетовты еске алу турнирі басталды. Спорт жаңалықтары

  • 61
  • 27.05.2025, 18:45

Алматыда халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан дәстүрлі халықаралық турнир басталды. Бұл өзі талай таланттың жолын ашқан жарыс.

Атап айтсақ, ел мерейін асқақтатқан Данияр Елеусінов пен Біржан Жақыпов, Василий Жиров пен Генадий Головкин және Серік Сәпиев секілді мықтылар осы Нұрмағамбетов турнирінде шыңдалған. Биыл да алыс-жақын шет мемлекеттерден 150-ден аса үміткер бақ сынайды.

Иран, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Армения, Тәжікстан, Әзербайжан мен Түркіменстан, Қырғызстан және Бірккен Араб Әмірліктерінен сайдың тасындай іріктелген мықтылар келіпті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған боксшылардың да осалы жоқ. Жарыс жеңімпаздары 30-шы мамырда белгілі болады.

Бибісара Асаубаева – Қазақстанның жаңа гроссмейстері.

Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Sharjah Masters-2025 супертурнирінде отандасымыз алғаш рет 2500 рейтингтік межеден асты. 21 жастағы шахматшы осы жарыста үздік отыздыққа еніп қана қоймай, әйелдер арасында ең жоғары нәтиже көрсетті. Ол Гран-при жеңімпазы Чжу Цзиньэр мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухты артта қалдырды.

Енді FIDE кеңесінің алдағы отырысында ресми бекітілген соң Бибісара Асаубаева қазақстандық әйелдер арасынан екінші гроссмейстер атанбақ. Алғашқысы – Жансая Әбдімәлік.