Қазақстандық балуандар Азия чемпионатында төрт алтын иеленді. Спорт жаңалықтары

  • 28
  • 20.06.2025, 18:38

Жастарымыз жарап тұр! Вьетнамның Вунгтау қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі балуандар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыс шымылдығын грек-рим күресінің шеберлері ашқан болатын.

Қазақ балуандары тамаша нәтиже көрсетті деп айтуға толық негіз бар. Жерлестеріміз 8 медаль жеңіп алды. Оның 4-еуі алтын. Атап айтсақ, 55 келіде Ерасыл Мамырбеков, 60 келіде Исхар Құрбаев, 67 келіде Бағдат Сабаз және 77 келіде Ақжан Ықыласовтар Азия чемпионы атанды. 

Бұған қоса қоржынымызда 3 күміс пен 1 қола бар. Яғни ауыр салмақтардағы Мақсат Сайлау, Юсуф Мациев және Джохар Узаров финалда есе жіберіп, күміс иеленсе, 82 келідегі Диас Қалтай қоланы қанағат тұтты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 177 ұпай жинап, жалпы командалық есепте бірінші орыннан көрінді. Үздік үштікті Қырғызстан және Өзбекстан құрамалары түйіндеді. Енді қыздар күресі және еркін күрес шеберлері кілемге шығады. Вунгтау қаласындағы жарыс 26-маусымға дейін жалғасады.