Алматы облысында «Alatau-2025» халықаралық чемпионаты басталды. Жеңіл атлетикадан әуесқойлар мен ардагерлер арасындағы ашық жарысқа 7 мемлекеттен қатысушылар келді. Байрақты бәсеке төртінші жыл өтіп жатыр. Шара халықты бұқаралық спортпен айналысуға шақырады. Салауатты өмір салтын насихаттайды. Жарыс жолына 18 жастан бастап, 80-нен қария да шықты.
«Alatau-2025» халықаралық чемпинатына елімізден өзге Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Болгария, Беларусь және Украинадан жеңіл атлеттер арнайы келді. 35 жасқа дейінгі әуесқой спортшылар жас ерекшелігіне қарай бірнеше топқа бөлініп бақ сынады. Олар 100 метрден 5000 метрге дейін жекелей сынға түсіп, эстафетаға қатысты. Одан өзге биіктікке, қашықтыққа секіру сынды спорт түрлерінен үздікті анықтады.
Валерий Жұмаділов, Master Athletics федерациясының кеңес мүшесі:
- Ашық чемпионаттың бағдарламасы кәсіпқой жарыспен ұқсас. Бірақ мұнда кез-келген адам қатыса алады. Біздің жарыстың артықшылығы да осында. Әрбір адам ашық чемпинатқа қатысып, «Қазақстан чемпионы» атана алады. Бұл жеңіл атлетика ережесіне сай әрі ресми атақ болып есептеледі.
Ашық чемпинаттың Masters Athletics санатында 35-тен асқан әуесқойлар мен ардагер спортшылар бақ сынайды. Олар әр 5 жас айырмашылығына қарай топ басындағыларды анықтап жатыр. Чемпионаттың ең қарт қатысушысы - 84 жастағы Ұлан Хасенов ақсақал. Ардагер спортшы мұндай марафондар мен ашық жарыстардың тұрақты қатысушысы.
Ұлан Хасенов, ардагер спортшы:
- Барлығына айтамын, спортқа қатысыңдар, спортпен айналысыңдар. Менде баскетбол командасы бар. Ең жасы алпыста, ең кәрісі мен. Он марафон жүгірдім 10 шақырым. Он марафонның бесеуі көктемгі, біреуі күзгі болды.
«Alatau-2025» чемпонаты әу баста 12 адаммен басталған. Қазір қатысушылар саны 300-ге жеткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, салауатты өмір салтын насихаттайтын бұл жарыс түрі әлемде 50 жылдан бері өтіп келеді.
Авторлар: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев, Хабар, Алматы облысы.