17 тамыз – Қазақстанда Спорт күні

  • 10
  • 15.08.2025, 18:49

17 тамыз Қазақстанда Спорт күні. Елде спортпен шұғылданатын кәсіби және әуесқой спортшылардың саны артып келеді. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, өткен жылы 1,1 миллионнан астам қазақстандық футболмен айналысқан. Сонымен қатар волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі және тоғызқұмалақ сияқты дәстүрлі спорт түрлері де үздік ондыққа кірген. Мамандардың айтуынша, бұл салауатты өмір салтын ұстанатын халық санының артып келе жатқанын көрсетеді. 

Бекжан Төлепов екі дүркін әлем чемпионы. Қазақ күресімен айналысып жүргеніне 20 жыл болған. Қазір Шиелідегі «Батыр қазақ» клубында 50-ге жуық шәкірт тәрбиелеп жүрген бапкер. Елордаға алғаш рет әскерилер арасында ұйымдастырылған байрақты бәсекеге қатысу үшін арнайы келіпті. Жарыс барысында Өзбекстан, Қызғызстан және Пәкістан балуандармен белдесіп, бәрінен басым түскенін айтады.

Бекжан Төлепов, екі дүркін әлем чемпионы:

-Қазақ күресінен 2022 жылы Астана қаласында тұңғыш рет ересектер арасында әлем чемпионы өткен болатын. 55 келі салмақта. Биыл ғана Индияның Дели қаласында екінші рет әлем чемпионы атандым. Алғаш рет өтіп жатқан CISM шарасында финалда тұрмын. 

Qazaq kuresi ассоциациясы бас директорының айтуынша, қазір елде асық ату, аударыспақ, бәйге, садақ ату, жамбы ату сияқты 12 ұлттық спорт түрі дамып келеді. 

Дамир Бекбосынов, Qazaq kuresi ассоциациясының бас директоры:

-Ұлттық спортқа басты назар ауды десек болады. Өйткені Президентіміздің Ұлттық құрылтайдағы ұсынысынан кейін Ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спорт заңнамаға сәйкес теңестірілді. Сондықтан барлық жағынан осы үлкен мүмкіндіктерді қолданып жатырмыз.  

Былтыр Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 89 елден 2700 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 112 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Сондай-ақ хоккейден ерлер арасында өткен алғашқы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы топ жарды. Мәнерлеп сырғанаудан Бостонда өткен әлем чемпионатында Михаил Шайдоров күміс медаль иеленді. Ал елордада өткен Бокс әлем кубогында ұлттық құрама 8 алтын, 4 күміс және 4 қола медальмен жалпы есепте көш бастады.

Елде спорттық инфрақұрылымды дамыту ден қойылған. Былтыр 90 спорт нысаны салынды. Оның 61-і ауылдық жерлерде, 29-ы қалалар мен аудан орталықтарында. Ал биыл жыл басынан бастап 32 спорт нысаны пайдалануға берілді.

Тастанбек Есентаев, спорт ардагері:

-Дене тәрбиесіне кезінде көп көңіл бөлмеген. Оның деңгейі төмен түсіп кеткен. Қазір енді жұмыстар бұл жағынан істеліп жатыр. Әрбір жұмыс орындарында өндірістің гимнастика болды. Бұрын соларды жаңғырту, адам қозғалысының көбірек болуы осының бәрі адамның денсаулығына әкеп соғады. 

Елде 700 мыңнан астам жасөспірімді қамтитын 912 балалар мен жасөспірімдер клубы және 521 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, физикалық және рухани тұрғыда дамуын қамтамасыз етеді. 

Диана Қадыр, Болотбек Табалдиев, Азамат Саметов