Алматының Орталық стадионында алғаш рет UEFA Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалады. Алматылық «Қайрат» плей-офф кезеңіндегі қарымта матчта шотландиялық «Селтикті» қабылдайды. Маңызды ойын Астана уақытымен 21:45-те басталады.
Айта кетейік, «Селтик» осыған дейін еліміздің өзге клубтарымен үш ойын өткізген. «Астанамен» екі рет, «Шахтермен» бір рет кездесіп, қапы қалдырған еді. Жанкүйерлер сол кеткен есені «Қайрат» қайтарады деген үмітте.
Орталық стадионды жағалап, билет іздеген адамдар жиі кездеседі. «Қайрат» пен «Селтиктің» қарымта ойынына қызығушылық артқан соң тағы 1000 билет сатылымға шығарылған. Алматылық клубтың жанкүйері Рахат Ташметов бір билет алып үлгеріпті. Ертеңгі ойында сүйікті командасына қолдау көрсетуге тас-түйін дайын.
Рахат Ташметов, жанкүйер:
- Біріншісінде үлгермей қалдым, сатылымды ашқаннан кейін батыс жағынан онлайн билет алдым. Ойынға жалпы дайынбыз. «Қайрат» Алла қаласа ұтады, сеніп отырмыз. Бұйырса, топтық кезеңге өтеміз.
Алматыда UEFA Чемпиондар лигасының аясындағы ойын алғаш рет өткелі тұр. Стадионда ине шаншар орын болмайтыны анық. Билет ала алмай қалған жанкүйерлер: «Ертең де келіп, стадион сыртынан қолдау білдіреміз», - деп отыр.
Тек қарымта ойында «Селтик Паркте» сары қағаз алып қалған Дастан Сәтбаевтың алаңға шықпайтыны өкінішті. Жарақатынан айыға алмаған қақпашы Александр Заруцкийде бұл кездесуге қатыспайды. Дегенмен Чемпиондар лигасында өнер көрсету – кез келген футболшының арманы. Сондықтан қайраттықтар аянып қалмас.
Әлімжан Асқар, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының медиа-офицері:
- Бұл жолы «Қайрат» бізге зор сенім сыйлап тұр. Қарымта кездесуде, үйде біз жеңіске жете алатын сияқтымыз. Себебі бірінші ойын 0:0 есебімен аяқталды және «Қайрат» «Селтиктен» еш кем болған жоқ. Керісінше, «Селтиктің» осал тұстары көбірек байқалған сияқты. Енді міне, үйде, Алматыда жанкүйердің қолдауы барда біз жеңіп кететін сияқтымыз.
Ойынға тәртіп сақшылары да дайындалуда. Орталық стадион маңындағы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 2 мың полиция қызметкері жұмылдырылады. Сонымен қатар Абай даңғылы, Байтұрсынұлы, Мұқанов және Сәтбаев көшелері аумағында автокөлік қозғалысына шектеу қойылады.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов