Ел біріншілігінде жүлделі орынға ие болған қыз-жігіттер енді ұлттық құрамаға шақыртылып, халықаралық жарыстарға қатысады. Финал қалай өтті?
Осылайша бір аптаға созылған ел біріншілігі мәреге жетті. Жарысқа тіркелген үміткерлердің барлығы жоғары дайықпен келіпті. Әрбір жекпе-жек тартысқа толы болды. Финалда сұрапыл айқастардың куәсі болдық. Әсіресе 60 келіде Серік Теміржанов пен Бибарыс Жексеннің жекпе-жегі жанкүйерлердің айызын қандырды. Бір-бірінің қыр-сырын жетік білетін жігіттер жанын аяп қалған жоқ. Бірде Бибарыс, енді бірде Серіктің соққылары дөп тиіп жатты. Жеңіске екеуі де лайық еді. Төрешілер осы жолы Теміржановты жеңімпаз деп таныды.
Біздің елде бәсекелестік жоғары салмақтардың бірі – 70 келі. Семейге де сен тұр, мен атайын жігіттер келіпті. Солардың ішінен финалға Абылайхан Жүсіпов пен Фарух Тоқтасынов шығып, тәжірибелі Абылайхан қарсыласынан айласын асырып кетті. 80 келіде осал спортшы жоқтың қасы. Сондықтан кімнің топ жарарын ешкім дөп басып айта алмады. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауынан күш-қуат алған Ерасыл Жақпеков финалда Диас Молжігітовтен басым түсіп, ел чемпионы атанды. Сәкен Бибосынов, Санатәлі Төлтаев,Сабыржан Аққалыққов, Дәулет Төлеміс, Нұрлан Сапарбай өз салмақтары бойынша топжарды.
Жалпы командалық есепте ерлер арасында Түркістан облысы топжарды.
Жандос Айтбайұлы