Бұл туралы Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов мәлімдеді. Мұндай құрлықаралық дода елімізде 2006 жылы өткен. Араға 20 жыл салып, байрақты бәсекенің жалауы қазақ жерінде қайта желбіресе, ел үшін үлкен абырой. Қазақстанның халықаралық ірі жарыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі бар. Мәселен, 2017 жылы елімізде Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары өтті.
Қайрат Закирьянов, Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының президенті:
- Егер біз әлем чемпионатын World Boxing ұйымының қолдауымен өткізсек, бұл арқылы жерлесіміз Геннадий Головкинге де қолдау көрсетеміз. Ол бүгін халықаралық федерацияны басқарып отырған алғашқы қазақстандық. Егер байрақты бәсекені дәл осында, Алматыда өткізсек, оның спорттық маңызымен қатар үлкен саяси салмағы да болады деп ойлаймын.