Көкшетауда көпфункционалды спорт кешені ашылды

  • 12
  • 15.12.2025, 19:05

Жалпы аумағы 12 мың шаршы метр болатын нысан қайтарылған активтер есебінен салынды.

Облыс орталығында бой көтерген спорт кешенінде олимпиадалық стандарттарға сәйкес жасалған бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфитке арналған заманауи залдар бар. Онда республикалық және әлемдік деңгейдегі бәсекелер де ұйымдастырылмақ. Сондықтан жергілікті тұрғындар енді жаңа нысанда әлем және олимпиада ойындарының чемпиондары шығады деп үміттенеді.

Сәуле Жүнісова, қала тұрғыны:

- Төртінші ай болды көшіп келгеніме. Мен осындай ғимараттар салып жатқанына қуанамын. Мынау аренаны салғаны өте тамаша. Қаншама спортсмендер, жігіттер, балалар бәрі атағымызды шығарады.

Данагүл Байгетиева, қала тұрғыны:

- Осы «Көкше аренасын» ішін араладық. Өте керемет. Чемпиондар шықса осының ішінен. Өте маңызды. Өте әдемі салынған екен.

Нысанның ашылуына ҚР Бас прокуроры, Ұлттық олимпиада комитетінің президенті және есімі елге белгілі танымал спортшылар қатысты.

Геннадий Головкин, ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті:

- Бұл залда болашақ әлем және олимпиада ойындарының чемпиондары шығады деп ойлаймын. Әлемдік ареналарда атой салып, көк туымызды көкке көтеретін спортшыларды асыға күтемін. 

Айталық, бұл өңірде қайтарылған активтер есебінен салынған екінші спорт кешені. Осыған дейін бір нысан Зеренді ауданында бой көтеріп, қолданысқа берілді. 

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Бұқаралық спортсыз дені сау жастарды тәрбиелеу мүмкін емес», - деп атап өткен болатын. Сондықтан бұл тек спорт нысаны емес, бұл ұлт болашағына, балалар мен жастардың дамуына жасалған инвестиця деп санау керек.

Жалпы аймақта қайтарылған активтер есебінен 44 жоба қолға алынған. Оған 41 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде әлеуметтік нысандардың құрылысынан бөлек, сумен жабдықтау саласында да 28 жоба жүзеге асырылды.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный