Ақтөбеліктердің қысқы спортқа қызығушылығы артты

  • 479
  • 17.02.2026, 21:41

Ақтөбеде бір айда шорт-трек үйірмесіне жүзден астам бала жазылды. Бұрын кенжелеп қалған спорт түріне ерекше көңіл бөлінуде. Балаларды баулуға шетелден бапкер шақыртылды. Себебі өңірде қысқы спорт түрлеріне қызығушылық артты.

Бұл балалардың коньки киіп, мұз айдынына шыққанына бір айға таяп қалды. Тепе-теңдікті сақтау, айқыштап жүру сияқты шорт-трек спортының негізгі қимылдарын үйреніп жүр. Шетелдік маман: «Байрақты бәсекеде топ жарар спортшыны жеткіншек шағынан жетектеп, баптаған абзал», - дейді. Болашағынан үміт күттірер балалардың бар екенін де атап өтті. 

Наталья Плугина, бапкер:

- Бастысы ынта мен ниет болуы қажет. Егер балалар жеңіске жетуге ынталы болса, ата-анасы да қолдау көрсетсе, талдай биікті бағындыруға болады. Маған күніне бірнеше ата-ана хабарласып, балаларын үйірмеге алуымды өтінеді. Сондай қызығушылық болған соң жеңістердің де күні алыс емес.

Қазір спорт мектебіндегі шорт-трек үйірмесіне 142 бала қатысып жүр. Жүзден астам оқушы мәнерлеп сырғанау үйірмесіне жазылған. 

Мәулен Медеуов, оқушы:

Бұрын мен каратэмен айналысқанмын. ММА-ға қатысып жүргеніме екінші бес жылдай болып қалды. Одан кейін шорт-трекке келдім. Ақырын-ақырын үйреніп жатырмын. Олимпиада чемпионы болуға тырысамын. Миша сияқты чемпион болғым келеді.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Спорт мектебінің дүйсенбі-жұма күндері санаулы минуттар ғана бос болады. Бұған дейін 9 бен 11 жас аралығындағы балалардың жаттығуы тәмәм болса, енді міне мұз айдынына 7 мен 9 жас аралығындағы балалар шықты.

Балалардың қызығушылығы жоғары болғанымен, салада шешімін күткен мәселе көп. Шорт-тректің өзінде кәсіби коньки тапшы. Жауаптылар материалдық-техникалық базаны жаңғыртуды жоспарлап отыр. Мәнерлеп сырғанауға да қосымша құрал-жабдық сатып алынады. 

Дархан Тәжіғұлов, спорт мектебінің директоры:

- Шорт-трекке жалпы 30 коньки бар. Бірақ балалардың көп келуіне байланысты қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу тарапынан тапсырыс беріп, қосымша коньки аламыз. Себебі қызығушылық танытып жатқан балалар, спортшылар көп.

Ақтөбе облысында қазір шорт-трек пен мәнерлер сырғанаудан бөлек шаңғы жарысы мен биатлон, шайбалы хоккей үйірмелері бар. Жалпы 800-ге жуық оқушы қысқы спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов