Канадада тарихи жеңіске жеткен қазақстандық жас хоккейшілер ертең елге оралды.
Естеріңізге сала кетейік, Astana Team командасы Quebec International турнирінің финалында жеңіске жеткен болатын. Әдетте бұл турнирде Канада, АҚШ, Ресей, Финляндия, Швеция мен Чехия командалары алдына жан салмайтын. 66 жыл бойғы өзгермеген тізімді отандастарымыз жаңартты.
Канададағы бұл турнир 1960 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол 13 жасқа дейінгі хоккейшілер арасындағы бейресми әлем чемпионаты саналады. Біздің командада ең үздік ойыншылар жиналған. Жарыс барысында қазақстандық құрам бірде-бір рет жеңілген жоқ. Ал финалда турнир қожайындарымен кездесіп, буллит сериясында басым түсті.
Бахаудин Солсанов, Astana Team командасының бас менеджері:
- Бұл біздің балаларымыздың, командамыздың, ұйымның жетістігі. Чемпион болғанымыз үшін Қазақстан Президенттінен құттықтау алу – керемет мәртебе, біз үшін үлкен қуаныш.
Владимир Захаров, Astana Team командасының бас бапкері:
- Бұл менің өмірімдегі ең керемет таң шығар. Әлі күнге дейін ерекше әсердемін. Бізді байқап, қолдап жүрген басшылыққа үлкен алғыс айтамын.
Бір жыл бұрын қазақстандықтар Квебектегі турнирге қатысқан еді. Алайда шешуші кездесуде жеңіліп, алтын жүлдеге бір қадам жетпей қалған болатын. Биыл Қазақстандық команда осы халықаралық дода тарихында алғаш рет топ жарды.
- Біздің балалардың ойындарын тікелей эфирде 60 мыңнан астам көрермен тамашалады. Турнир Канада елінің орталық телеарналарында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл ауқымы жағынан ересектер арасындағы NHL мен КХЛ деңгейіндегі керемет шоу болды.
Жерлестеріміздің хоккейдің отаны саналатын ел өкілдерінен басым түскені – айтулы уақиға. Мемлекет басшысы құттықтауында командамыз жоғары шеберлік пен жеңіске деген жігер танытқанын атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта да шыңдалып, жаңа белестерді бағындыруға тілектестік білдірді.
Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Маханбет