Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2-ші турында Семейде Елімай мен Алтай жолығып, 1:1 есебімен тең түсті. Ал Ұлытау Керекудің Қызылжарын 2:1 есебімен ұтты.
Берульцева бас жүлде алды
Италия астанасы Римде WKF каратэден Премьер-лига санатындағы турнир аяқталды. Биылдыққа екінші мәрте ұйымдастырылып отырған осынау жарыста Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінді.
Ұлттық құрама көшбасшысы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева +68 кг келі салмақта сынға түсіп, финалда ағылшын Рошель Уолтерсті 2-1 есебімен ұтты. Осылайша, жерлесіміз қатарынан екінші Премьер-лига бәсекесінде топ жарып отыр.
Естеріңізге салайық, Софья өткен айда Ыстанбұл қаласындағы турнирде алтыннан алқа таққан болатын. Кумите бағдарламасында Әсел Қанай күміс жүлдегер атанса, 18 жастағы Мирас Әбдіқадыр 60 келіде қолаға қол жеткізді.
Жастар жарысы аяқталды
Таи елінде былғары қолғап шеберлерінің жарысы мәреге жетті. Жастар арасында бір аптаға созылған лицензиялық жарыста Қазақстан намысын 19 үміткер қорғаған болатын. Қыз-жігітттердің аяқ алысы жаман емес. Ең бастысы, жеңіске деген жігер мінез бар. Қалғаны тәжірибемен келеді.
Барлығы қоржынымызға 4 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль түсті. Жігіттер үш рет жеңіс тұғырынан көрінді. 60 келіде Досжан Жұмақан мен 70 келіде Бибарыс Әшірбай, сондай-ақ 75 келіде Хамза Мақсатұлы жарыс жеңімпаздары атанды. Қыздар арасында Айдана Убайдуллақызы алтыннан алқа тақты. Осы турнирде оза шапқандар енді қазан айында Сенегал астанасы Дакарда өтетін жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарында бақ сынайды.