Ақтөбеде жаңа спорт кешені ашылды

  • 44
  • 03.07.2026, 19:59

Ақтөбеде грек-рим, еркін және әйелдер күресімен айналысуға арналған жаңа спорт кешені ашылды. Мұнда бір мезетте 200-ге жуық спортшы жаттыға алады. Жаңа нысан өңірде осы спорт түрлерін одан әрі дамытуға арналған маңызды орталықтардың біріне айналмақ. 

Жаңа нысан қаланың ескі бөлігіндегі бұрынғы «Динамо» спорт кешенінің орнына салынды. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асады. Кешен құрылысына бюджеттен 790 миллион теңге бөлінді. 

Қазыбек Қалмағанбетов, грек-рим күресінен екі дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шебері:

- Бұл зал үлкен әрі кең. Мұнда еркін күрес, әйелдер күресі және грек-рим күресімен айналысатындардың бәріне орын жеткілікті. Төменгі қабатта кең жаттығу залы да бар. Бұрынғы зал өте тар болатын. Сол себепті кейбір балалар жаттығу жағдайының жеткіліксіздігінен күресті тастап кететін. Ал қазір жаңа, кең залдың арқасында жаттығуға барлық мүмкіндік жасалған.

Жаңа спорт кешенінде заманауи жаттығу залдары және спортшылар үшін массаж кабинеті жұмыс істейді. Жоба Қазақстан күрес федерациясымен бірлесіп жүзеге асырылды. 

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

- Мыңға жуық бала осында спортпен айналысуға мүмкіндік алады. Бұрын айналасындағы ескі қалада спорт нысандары болмағандықтан, спортпен айналысу мүмкіндігі аздау еді. Себебі көбісі орталыққа баратын. Қазір осы спорт кешені ашылғаннан кейін, осының айналасындағы 12 мектептің барлық балаларына спортпен айналысуға мүмкіндік беріліп отыр.

 Өңірде грек-рим, еркін және әйелдер күресі қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда облыс орталығы мен аудандарда осы спорт түрлері бойынша 714 секция жұмыс істейді. Онда 14 мыңнан астам спортшы жаттығады. Өңір палуандары республикалық және халықаралық жарыстарда облыс намысын сәтті қорғап жүр. 

Талғат Серікқалиұлы, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев