Қырғызстанда өтетін 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Жамбыл облысынан 22 спортшы қатысады. Олар көкпар, көк бөрі, аударыспақ, жамбы ату, бәйге мен асық атуда ел намысын қорғайды.
Оқу-жаттығу жиындары мамыр айында басталған. Бұған дейін 3 жаттығу жиыны Алматы облысында өтті. Енді соңғы даярлық жұмыстары Ыстықкөлде болады. Жалпы жамбылдық жампоздарға мол үміт артылып отыр. Соның ішінде көкпар бар. Себебі 16 дүркін ел чемпионы атанған «Әулиеата» клубының 6 спортшысы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
Атамекен Рүстемов, «Әулиеата» спорт клубының басшысы:
- Биылғы дайындықтарымыз өте күшті. Облыс сапынан болсын, республика қарамағынан болсын жауапкершілік өте қатты болып жатыр. Бұндай оқу-жаттығу жиындары еш уақытта болмаған. 50-ге жуық аттар келді, 30-ға жуық спортшыларымыз келді. Соның ішінен сайдың тасындай іріктелген балалар жиналып, биылғы оқу-жаттығу жиыны өте жоғары дәрежеде деп айтсақ болады.