Президент VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттаған рәсімінде: «Көшпенділер ойындарының нәтижесі әділ болды», - деді. Қазақстандық спортшылар жиыны 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі алтынды қанжығасына байлады. Осылайша дүниежүзілік додада топ жарып, бірінші орынды иеленді. Қасым-Жомарт Тоқаев рухты жеңіс үшін алғыс айтып, ел намысын қорғаған спортшыларды «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Сағыныш Әбікей, тілші:
- Әр жеңістің артында ұзақ жылғы дайындық, табандылық пен тынымсыз еңбек тұр. Салтанатты шарада үздік спортшыларымызға мемлекеттік наградалар мен арнайы марапаттар табысталып жатыр.
Бүгін Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алғандардың бірі – Аяш Қабдолаева, ол дәстүрлі садақ атудан Көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Жеңіске жеткен сәтіндегі оның көз жасына көрермен куә болды. «Бәрі мүмкін», - деп сұрмергеннің жүзі бал-бұл жайнады. Әйтпесе «50-ді еңсергенде чемпион атанамын» деп ойламағаны анық.
Аяш Қабдоллаева, VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері:
- Президенттің қолынан марапат алу бұйырыпты. Күтпедім. Оның үстіне жас емеспін, 50 жасқа жетіп, жеңіске жетем деп ойламадым. Медальдің екі жағы болады. Бір жағы марапат, екінші жағы қажырлы еңбек,дайындыққа кеткен уақытымызды айта аламын. Мен өзім бұған дейін ешқандай спорт түрімен айналыспағанмын. Мұғаліммін, қазір Жастарды дамыту орталығында жұмыс істеймін.
Қырғызстан да өткен бұл сайыста Ұлттық құрама жалпы есепте 32 алтын алып, бірінші орынға шықты. Доданың соңы тіпті дауға айнала жаздағаны да бар. Алайда спорт халықтар арасына сызат түсірмеуі тиіс, керісінше өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайтуымыз керек. Оның үстіне қазақ пен қырғыз - бауырлас халық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті: бұл өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Біз Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз. Осы рухты борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет.
Осы жиында президент тағы бір маңызды мәселені қозғады. Ол өркениетті қоғам құру жолында даңғазалыққа жол бермеу.
- Біз соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басқарушылар, әскери қызметкерлер мен мекеме қызметшілері бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады.
Бүгін президентпен кездескендердің бірі тоғыз жастағы – Әлижан Мансұр. Ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында «Құнан бәйге» ұлттық ат спорты бойынша үшінші орын иеленіп, қола медальға қол жеткізді. Кішкентайынан ат құлағында ойнайтын оның енді арманы бар: Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы атанғысы келеді.
Әлижан Мансұр, VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері:
- Менің аты-жөнім – Мансұр Әлижан. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Тарағап деген ауылда тұрамын. Құнан бәйгеден 3-ші орын алдым, аламаннан 5-ші орын алдым. Президентпен кездескеніме қуаныштымын. Арманым үй алып, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары чемпионы болғым келеді.
Бұл жеңіс спортқа бөлінген көңіл мен көмектің нәтижесі деп айта аламыз. Соңғы 7 жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артты. Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Бұл мақсатқа 50 млрд тг бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 млн-нан асты. Көрсеткіш халқымыздың жартысына жуығы болып отыр.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Шынымен де бұл біздің спортшыларымызға үлкен рух берді, олардың қаншама жылдық еңбегі мына жерде ақталып жатыр. Бұл ұлттық спорттың дамуы үшін міндетті түрде үлкен серпін болады. Ұлттық спорт Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында олимпиада спорт түрлеріне теңелген, бұл біздің елде мұндай заңнама бірінші рет деп ойлаймын. Ұлттық спорт деген біздің атадан балаға мұра болып қалған. Оның ішінде тәрбие, мәдениет бар. Мемлекет басшысы айтқандай «Қайсар мінезімізбен, жігерлікпен бірге мәдениетті, тәрбиелі болуымыз керек» деген тапсырма есімізде болсын.
Чемпион болу – үлкен жеңіс. Бірақ Президент айтқандай «Нағыз чемпионның биіктігі тек медальмен өлшенбейді. Оның жеңісі күнделікті өмірдегі мәдениетімен, әдемі әдебімен де бағалы бола түспек»
Авторы:Сағыныш Әбікей