Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия пара ойындарынан бірнеше медаль қоржынымызға түсті. Нысана көздеу шебері Еркін Ғаббасов пневматикалық винтовкамен 10 метрден атуда 249.1 ұпай жинап, үздік нәтиже көрсетті. Күміс және қола жүлделер кореялық спортшыларға бұйырды. Еркін Ғаббасовқа керемет жетістігінен кейін паралимпиадаға жолдама берілді. Енді ол 2028-ші жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы ойындарда бақ сынайды. Пара пауэрлифтингтен қазақстандық спортшы Давид Дегтяров алтын медальды жеңіп алды. Сондай-ақ ол 54 келі салмақта 190 келіні бағындырып, рекорд орнатты. Осы спорт түрінен 41 келіге дейінгі салмақта Тұрсынай Қабыл күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал пара дзюдо спорты бойынша 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ибрагим Нұрмұханұлы пара Азия ойындарының чемпионы атанды.