Менингококк инфекциясынан жыл басынан бері 12 адам көз жұмды
Биыл жыл басынан бері Қазақстанда менингококк инфекциясын 58 адам жұқтырған. Өкінішке орай, оның 12-сі ауру салдарынан көз жұмған. Қайтыс болғандардың бесеуі – 14 жасқа толмаған балалар.
Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баспасөз мәслихатында хабарлады. Министрдің айтуынша, ең жоғары көрсеткіш 2015 жылы тіркелген. Ол кезде менингитке 424 адам шалдығып, оның 21 -і қаза болған. Қазір эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Емдеу шаралары жүргізіліп жатыр.
«Басыңды жылы ұста, менингит боласың», – деп ата-анамыз баршамызға айтқан болар. Бірақ бұл жаман дерттің жұқпалы екенін енді білген жайымыз бар. Өкініштісі, бұл инфекцияны адам өзі ауырмаса да тасымалдай алады екен. Екіншіден, әсері қатты. Арты өлімге душар етуі мүмкін.
Бұған дейін менингококтан ада болып саналып келген Қызылорда облысында кеше 27 жастағы жігіт көз жұмды. Науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам бақылауға алынып, отбасынан бір адам жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды.
Жақсылық Әбдусәметов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қасындағы қарым-қатынаста болған азаматтардың барлығы бақылауға алынды. Антибактериалды профилактикалық емін толық алды. Ол азаматтардың ішінен қазіргі таңда ауру белгісі байқалып отырған жоқ. Бірақ өзінің мерзімі бар, соған дейін толық медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Алматы облысында іссапарда болып келген қызметкерлер болған. Сол жақтан келуі мүмкін деген болжам жасалуда. Ал бірақ нақты анықталған жоқ.
Өткен демалыста менингококтан Алматы облысында бір үйден екі адам қайтыс болды. Талғар ауданынан Димаш есімді 5 жасар бала мен 19 жастағы жеңгесі бір күнде көз жұмды. Бес жасар баланың таңғы 8.00-ден бастап қызуы көтеріліп, денесінде қызыл дақтар пайда бола бастаған. Ата-анасы бірден жедел жәрдем шақырған. Оларды Панфилов ауылдық емханасына апарады. Ауданда жұқпалы аурулар ауруханасы болмағандықтан дәрігерлер Қаскелеңдегі ауруханаға хабарласады. Ауданға жету алыс деп, уақыт жоғалтас үшін ата-анасы баланы көлікпен Алматы қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізеді. Бірақ бүлдіршіннің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Аида Ахметова:
-Жарты сағатта жеттік, жарты сағат жедел жәрдемнің ішінде жаттық. Өйткені бізді қарайтын бокс бос болмады. Балалар өте көп түсіп жатты. Мамалар қолдарында ұстап жатыр. Кезекті күтесің, дәрігерлер қарап үлгермейді. Ана боксқа бір жүгіреді, мына боксқа бір жүгіреді.
Ал 19 жастағы әйел адам Алматы облысы Қаскелең қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмды. Жалпы науқастардың ең көбі Алматы қаласында шоғырланған. Жыл басынан бері 80 адам тексеріліп, 32-сінен инфекция табылған. Алтауы көз жұмды. Қазір 13 адам әлі тексеру шараларынан өтуде. Ал өзге облыстарға келсек, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астанада 4 жағдай, Ақтөбе облысында – 3, Ақмола мен Павлодар облыстарында – 2, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарында 1 оқиға тіркелген. Ал Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстанда қуаныштысы жұқпа тіркелген жоқ.
Жалпы жыл басынан бері 58 науқас анықталып, 12 адам қаза тапқан. «Бұл дабыл қағатын жағдай емес», – дейді Денсаулық сақтау министрі. Бүгін журналистермен өткен баспасөз жиынында Елжан Біртанов. «Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының стандарты бойынша әрбір 100 мың адамға аптасына 3 науқас тіркелсе ғана жағдай тұрақсыз саналады. Бізде ол 2 есе төмен», – деді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Карантин қазіргі уақытта бастауға ешқандай қажет жоқ. Онан пайда болмайды. Оның себебі қазіргі күнде ауырып жатқан науқастардың саны бақылаудың астында. Пороговый уровень өте төмен. Жалпы халыққа жеткізіп жатқан ақпарат, өз өздерінің денсаулығын сақтап, алдын алу шараларын қабылдасақ сол жеткілікті.
Ел ішінде бұл дертті сырттан біреу қасақана әкелді деген сөз желдей есіп жүр. Министр бұл ақпарды қауесет деп отыр. Неге десеңіз, менингококк бұрыннан бар сырқат. 2015 жылы елімізде күрделі ахуал тіркеліп, 424 адам науқастанған. Сөйтіп 21 адам дүние салған. 2016 жылы 120 адам ауырып, 7-еуі көз жұмған, 2017 жылы 62 адамның 11-і өлім құшқан.
Қазір менингококк жұқтырған науқастармен 3 сағаттан артық қатынаста болған 4136 азамат профилактикалық антиботик қабылдауда. Ал ел ішінде әскерилер бүтіндей екпе алып жатыр деген сөзді министр жоққа шығарды. Елжан Біртанов жаппай вакцина егу ерте екендігін айтты. Себебі жағдай орташа деңгейде. Бірақ көңілін тыныштандыру үшін азаматтар ерікті түрде екпе ала алады. Оның құны қазір нарықта 22 мың теңгеден асып жығылады. Екпе 5 жылға дейін иммунитет қалыптастырады. Бір атап өтерлігі, вакцина 21 күннен кейін ғана әсер етіп, қорғаныс қабілетін түзеді. Десек те, екпеден бөлек, өзге сақтану жолдары да жоқ емес.
Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің басшысы:
-Көпшілік адамдар шоғырланып жүретін орындарға баруға шектеу қою керек. Ауырып жатқан адам бетперде қию керек, ауырған адам бармау керек. Бірақ 2-3 сағатқа бетперде кию керек. Екіншіден, біз қазір балабақшаларда, мектептерде филтьр жасап жатырмыз. Балалар таңертеңгі кезде тәрбиелеушілер, медиицина қызметкерлері қарап, ауру симптомдар болса, әрине, оларды мектеп, балабақшаға жібермейді.
Ел ішіндегі ахуал орта деңгейде болғанымен, жағдайды қадағалап отыру үшін өткен аптада салалық министрдің тапсырмасымен республикалық штаб құрылған. Штаб өңірлердегі жағдайды күнделікті бақылап, тиісті шаралар жүргізіп отырады. Халыққа шұғыл ақпарат береді. Дәрігерлік көмектің уақытылы жеткізілуін қадағалайды. Инфекцияның қашан именіп, аяғын кері тартары белгісіз. Бас санитар дәрігердің айтуынша, бұл инфекция әдетте көктемде қозады, әсіресе күн суытып, иммунитет төмендегенде күшейеді. Ал күн сәулесінен керісінше әлсірейді.
Авторы: Гүлназ Қабидоллақызы