«Ниет» үздік әлеуметтік бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды
Бүгін елордада әлеуметтік бейнероликтердің ең үздік идеяларына арналған «Ниет» байқауының жүлдегерлері марапатталды. Конкурсты ұйымдастырған – Ақпарат және коммуникациялар министрлігі.
Жүзден жүйрік шыққан сценарий бойынша роликті белгілі режиссер Ақан Сатаев түсірді.
Қызыл іңірден тұрып, мал бағатын кәдімгі ауылдың тірлігі, атасының еркесі немересінің тәтті қылығы, балалық арман, ақталған үміт. Бар болғаны 4 минутқа толық бір адамның тағдырын сыйғызған осы әлеуметтік ролик бас жүлдеге лайық деп танылды.
Шерхан Серік:
-Камераға қарамау керек, режиссердің айтқанын орындайсың. Мен қалаға барып, кино көруді армандайтын ауылдық баланың ролін ойнадым.
Ал сценарий авторы алматылық – Дмитрий Галабир. Ролик танымал режиссер Ақан Сатаевтың жетекшілігімен түсірілген. Бас жүлдегерді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев марапаттады. Жеңімпазға 1 млн теңге табысталды.
Дмитрий Галабир, бас жүлде иегері, сценарист:
-Маған бұл байқау туралы досым айтты. Бұрыннан ата мен немере арасындағы достықты қалай көрсетуге болатынын ойлап жүретінмін. Сөйтіп осындай дүние шықты. Жалпы әлеуметтік ролик жүрегіңді қозғайтындай әсерлі болуы тиіс.
«Ниет» үздік әлеуметтік роликтер байқауын Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастырып отыр. Бұл қоғамға ой салатын, тәрбиелік мәні бар роликтердің көп түсірілуіне түрткі болып отыр. Байқауда екінші, үшінші орын иегерлеріне де құнды сыйлықтар табысталды. Конкурсқа жалпы 600-ден астам сценарий келіп түскен.
Айта кетейік, министрліктің тапсырысы бойынша былтыр 131 бейнеролик түсірілген екен. Жеңімпаздарды құттықтау шарасында «Хабар» Агенттігі, «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген әлеуметтік роликтер де көрсетілді.
Алан Әжібаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:
-Бұл тамаша мүмкіндік. Біздің телекөрермендерімізге ой салатын қаншама роликтер түсіріліп жатыр. Олар мұндағы кейіпкерлерге ұқсағысы келіп, көшбасшылыққа, мақсатына жетуге ұмтылатын болады. Елімізді, қоғамымызды мейірімділікке тәрбиелей түседі.
Расында, мұндай мотивациялық роликтердің өскелең ұрпақты мақсатсүйгіштікке тәрбиелері сөзсіз.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Болатбек Табалдиев