Елордада Қазақстан-Корея бизнес форумы өтті
Оңтүстік Корея президентінің Қазақстанға сапары аясында елордада Қазақстан-Корей бизнес форумы өтті. Шарада қос елдің бизнес өкілдері бас қосып, жүзеге асырылатын ортақ жобаларды талқылады. 500-ден аса делегатпен қатар форумға Қазақстан мен Корей басшылары да қатысты.
Соңғы 5 жылда Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 6 млрдқа, ал биылғы қаңтар мен сәуір аралығында 1,4 млрд долларға жеткен. Қазақстан Кореяға жыл басынан бері 736 млн доллардың тауарын экспорттапты. Бүгінгі Қазақстан-Корей бизнес форумы екі ел кәсіпкерлерінің әріптестігін одан ары нығайта түспек.
Тәуелсіздік алғалы Қазақстан Оңтүстік Кореямен бірлесіп көптеген ауқымды экономикалық жобаларды іске асырды. Инвестициялық ықпалдастық пен кәсіпкерлік байланыс жылдан-жылға нығайып келеді. Қазір Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасындағы ең ірі тұрақты 5 инвестордың қатарына кіреді. Әсіресе көлік құрастыру саласында кореялық компаниялар нарықта нәтижелі жұмыс істеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Автомобиль құрастыру саласында өзара тиімді өнеркәсіп кооперациясы қалыптасты. Қазірдің өзінде Қазақстанда Hyundai маркалы автомобильдер табысты құрастырылып жатыр. Келесі жылы инвестиция көлемі 200 млн доллар болатын толық тізбекті Kia зауытының іске қосылғанын күтіп отырмыз. Бұл компания өз тарихында алғаш рет Оңтүстік Кореядан тыс аумақта зауыт салуға ақша салып отырғанын, ол үшін дәл Қазақстанды таңдағанын айту керек. Біз бұған разымыз.
Тек көлік құрастыру ғана емес, Корей компаниялары елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу саласына да инвестиция салуды көздеп отыр. Сондай жобалардың бірі Қызылорда облысында жүзеге аспақ. Құйылатын жалпы инвестиция көлемі 36 млн доллар.
Ардақ Зебешов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:
-Бөтелкелердің қалдығын өңдеп одан жаңа бөтелке шығаратын зауыт салайын деп отырмыз. Шикізаттың 50% бөтелкелерді қайта өңдеп қолданамыз. 50% өзіміздің кварц құмын пайдаланып, жылына 220 млн бөтелке шығаратын боламыз.
Бүгінгі форумға 50-ден аса Корей компаниясының өкілдері қатысып, қос тарап құны 430 млн АҚШ долларынан асатын 23 құжатқа қол қойылды. Ультрадыбыстық зерттеу жабдығын шығаратын бірлескен кәсіпорын салу туралы нақты келісім бар. Тау-кен саласына инвестиция салуға ниетті компаниялар да бар.
Салтанат Сәтжан, «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры:
-«СК экоплан» деген корейлік компания Қазақстандағы литий өндірісін дамтыға өз септігін тигізгісі келеді. Олар министрлікпен және Тау-кен Самұрық компаниясымен жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Корей бизнес форумында оңтүстіккореялық компанияларды «Алатау City» ақылды қала» жобасына атсалысуға да шақырды. Мемлекет басшысы бұл шаһарды тек Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін IT саласындағы жетекші халықаралық хабқа айналдыру жоспарланып отырғанын атап өтті.