Хабар телеарнасы

ҚДБ машина құрастырушыларды несиелендірмек

Отандық машина жасаушы компаниялар жылына 11 млрд доллардың өнімін импорттайды. Әсіресе мұнай-газ саласына қажет құрал-жабдық сырттан жеткізіледі. Жағдайды реттеу үшін кәсіпорындар өндірісті модернизациялау қажет. Бұл тұрғыдан Қазақстан Даму банкі отандық компанияларға ұзақ мерзімді несиелер беріп, қолдауға дайын.

Қазақстан Даму банкінің несие қоржынында мұнай-газ саласында машина жасаушы компаниялардың үлесі көп емес, 1 %-дан сәл асады. Бүгінгі күнге дейін 5 инвестициялық жоба қаржылық қолдау тапқан. Алайда бұл – ел экономикасы үшін елеулі компаниялар. Қашағандағы өндірістің артуы мен Теңіз кен орнының барлау аумағын кеңейту жоспарлары саланың қарқынын еселеуі тиіс. Сондықтан Даму банкі мұнай-газ саласына қажет құралдар шығарамын дегендерге мүмкіндіктер аясын кеңейтпек.

Болат Жәмішев, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарма төрағасы:

- Біз инвестициялаудан бастап дайын өнімді экспорттауға дейін қаржылық жағдай жасауға дайынбыз. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін банк 20 жылға дейін қарыз беруге дайын. Жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Ең төменгі несие көлемі 7 млрд теңге. Ал жобаға салынатын инвестицияның 20 %-ы жоба авторларынан болуы керек.

Даму банкінің клиенттері – әдетте нарықтағы алып ойыншылар. Демек, жобаның қалай жүзеге асатынын алдын ала пысықтай алады. Бүгінгі машина жасаушылар форумына қатысушылар да солар. Онда Болат Жәмішев банктің бос қаржысы бар екенін мәлімдеді. Бұл индустриалды-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында қаржыландыру тетіктері.

Вадим Шакшакбаев, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:

- Әрине, ұзақ мерзімді серіктестіктің арнайы бағдарламасы қажет. Сол кезде кәсіпорындардың жүктемелерінің бір қалыпты болуы, шикізат жеткізу сынды мәселелер теңестіріледі. Біз дайынбыз, өйткені бұл біз үшін технологиялық шешімдер. Ең бастысы бизнесті жүргізу үшін сенімді құралмен қамтамасыз ету керек.

Даму банкі несиелеуге дайын дегенмен, техникалық экономикалық тұрғыдан зерделенген жобалар болса дейді.