Астанада Қазақстан машина жасаушыларының ХI форумы өтіп жатыр
Қазақстанда машина жасау өндірісі былтыр 9,4%, ал осы жылы 36%-ға өсті. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында айтылды. Бүгінде аталмыш сала экономиканың негізгі бағытына айналып үлгерген. Қазір елімізде жеңіл көлік, жүк көлігі, локомотив, мұнай мен тау-кен саласына арналған көлік түрлері және бөлшектерін шығарумен ірілі – ұсақты 3,5 мың кәсіпорын айналысады. Оларда 115 мың адам еңбек етеді екен. Жыл сайын мемлекет пен бизнес өкілдері бас қосып, бұл жұмысты жетілдіру бойынша пікір алмасу дәстүрге айналған. Осы алаңда саладағы түйіткілдер ортаға салынып, шешу жолдары талқыланады.
Мейрам Пішембаев, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы:
- Форум жұмысы ертең де жалғасады. Кадр дайындаудан бастап, құрылғылар алу, шикізат, роботатехникаға дейінгі сұрақтар 11 секциялық отырыста жеке-жеке қаралады. Машина жасауға кіші бизнестің де көптеп араласқаны маңызды. Жалпы саланы дамытудың кешенді жоспары әзірленген. Қатысушыларға соны таныстырып, бірге талқылайтын боламыз.