Астанада халықаралық Digital Bridge 2023 форумы өтеді
Қазан айының 13-15 жұлдызында Астанада халықаралық Digital Bridge 2023 форумы өтеді. Іргелі жиынға 300 аса IT компания, 100 аса инвестор және әлемнің 15 елінен 100 аса стартап жобалары қатысады.
Astana Hub Battle конкурсында стартап жобалар сайысы 75 мың доллар жүлдені сарапқа салса, Digital Bridge Awards премиясы үздіктерді марапаттайды. Дәстүрлі IT шараға Google компаниясының өкілдері келіп, көзге түскен стартап жобалармен келісімшарт жасауы мүмкін.
Форумның ашылу салтанатына Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында Қазақстанды өңірлік IT державаға айналдыру міндетіне ерекше тоқталып, IT өнімдердің экспортын 2026 жылы 1 млрд долларға дейін жеткізуді межелеген еді.
Ерсұлтан Ерманов, ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры:
- IT салада үлкен өсім бар. Біз оны әрі қарай дамытуға міндеттіміз. Мәселен, экспорт 5 есеге өсті. Биыл біз оның көлемін 500 млн долларға жеткізуді мақсат тұтып отырмыз. Ол айналып келіп ел ішінде игілікке жарайды. Мәселен, оның бір бөлігін интернеттің қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды дамытуға бағыттауға болады.