Конституцияның әлеуеті Қазақстанның одан әрі дамуына қызмет етеді
Тұрақтылығы мен тыныштығының қаймағы бұзылмаған, берекесі айрандай ұйыған бейбіт елде тұрмыс кешу – Ата Заңның арқасы. Мұны зайырлы мемлекеттің әр тұрғыны мойындайды. Халықаралық конференцияға шетелдік құқықтанушы ғалымдар, конституциялық орган басшыларының қатысуы да негізгі заңға деген құрметтің дәлелі. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жиналғандарға Елбасының құттықтау сөзін жеткізді.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан халықаралық қоғамдастықта мойындалған қазақстандық қоғам дамуының бірегей моделі қоғамдық келісім мен тұрақтылық, экономикалық даму және Қазақстан халқының ортақ тарихи тағдыры туралы конституциялық ережелердің мүлтіксіз сақталуының арқасында мүмкін болды. Бүгінгі таңда елімізде Парламенттің, Үкіметтің, жергілікті органдардың өкілеттілігін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берген конституциялық реформа сәтті жүзеге асырылды.
Ата Заңның рөлі, құқықтық үстемдік ел үшін айрықша маңызды екені хақ. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысынан» бастау алып, жалпы демократиялық прициптерге негізделген Конституцияға биыл 23 жыл.
Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы:
- 30 тамыз 1993 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Дауыс бергендердің 89 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихта қазақ халқы тұңғыш рет өзінің тағдырын таңдады, өзінің болашағын таңдады, бұл болашаққа апаратын қастерлі құжат», – деп айтқан болатын. Міне 23 жыл өткеннен кейін өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр.
Тіпті Еуропа, Африка, Азия, Американы қамтитын беделді Еуропа кеңесінің Венециан комиссиясының өзі Ата Заңға оң баға берді. Жиын барысында Конституцияның жаңа түсіндірмесі таныстырылды. Мұндай кітап бұрын-соңды жарық көрген емес.
Игорь Рогов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары:
- Ғылыми практикалық түсіндірменің маңызы зор. Құнды материал. Бұл жерде отандық құқықтанушылардың ғана емес, шетелдік беделді сарапшылардың ойлары жазылған. Әрине, ресми түсіндірме Ата Заңда ғана көрсетілген. Жаңа басылымда ондағы нормалар туралы түрлі пікірлер жинақталған.
Конференцияға Түркия, Армения, Әзербайжан, Грузия секілді елдерден келген конституциялық орган өкілдері Қазақстандағы ұлтаралық, қоғамдық келісімнің көпке үлгі екенін шынайы мойындайтынын жеткізді.
Фархад Абдуллаев, Әзербайжан конституциялық сотының төрағасы:
- Қазақстан біз үшін бауырлас мемлекет, мұнда барлық халықтың құқы қорғалған. Бұл Ата Заңның сақталып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халқын ұйыстыра білуінің нәтижесі деп білемін.
Конференция соңында халықтың құқықтық мәдениеті деңгейін көтеру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік жас заңгер – 2018» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Барлық номинация бойынша бірінші орын иегерлеріне бір миллион теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сондай-ақ БАҚ өкілдері арасында конституциялық құндылықтар тақырыбында конкурс жарияланғандығы да белгілі болды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Өмірбек Ізімов