Конституциялық реформалардың нәтижесі
Екі жыл бұрын жасалған конституциялық реформалардан кейін еліміздің саяси жүйесі, экономикалық процестер мен адам құқықтары бағытында өзгерістер байқалады. Бұл туралы заң саласының өкілдері айтады.
Жаңа Қазақстанды құрудың негізгі өзегі – Заң үстемдігі орнаған әділетті қоғам болатын болса, соның алғышарттары қалыптасып келе жатқанын айтады. Оны былтыр қаңтарда құрылған Конституциялық Сот жұмысының нәтижелерінен де байқауға болады.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Бюрократиялық кедергілердің кесірінен жұмысқа тұра алмау, жөн-жосықсыз анықтамалар мен сараптамаларды талап ету немесе жазасын өтеушінің білікті заңгердің көмегіне жүгіне алмауы сияқты жүздеген «өмірді күрделендіріп жіберетін» жайттар мына ғимараттың ішінде отыратындардың назарында. Яғни азаматтың конституциялық құқығы бұзылатын болса, ісін қарап, құқығын қорғап беретін жаңа орган – Конституциялық Сот осы.
Жыл басынан бері Конституциялық Сотқа 2 мыңнан астам азамат шағымданып, 39 оң шешім шығыпты. Өткен жылдың 1-ші қаңтарынан жұмысын бастаған жаңа құрылым былтырдың өзінде 558 құқықтық норманы тексеріп, азаматтарды қорғау үшін 29 нормативтік құқықтық актіге өзгеріс енгізуге кеңес берген. Сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу, салық кодексі және бірқатар заңның жекелеген нормаларын қайта қарау керектігін алға тартып отыр.
Салтанат Нұрымбетова, ҚР Конституциялық Соты аппаратының бөлім меңгерушісі:
- Бүгінде Конституциялық Сот 50 нормативтік қаулы шығарды. Олардың 42-сі азаматтардың өтініші негізінде қабылданғанын атап өткім келеді. Тағы бір жайт, қолданыстағы заңнамада 12 норма конституцияға қайшы деп танылды. Біз шығарған қаулылар күшіне енген соң, аталған нормалардың бастапқы нұсқасы құқықтық практикада қолданылмайды.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Біз конституцияны халыққа жасап жатырмыз. Адамға жасап жатырмыз. Теңдік, әділеттік болу үшін деп. Әділеттік экономика. Әділетті қоғам болсын. Биліктің өзі әділеттік болсын деген. Ол сол ғой, қарапайым азаматқа сол керек.
Демократиялық қоғамда билік әділдігінің басты шарттарының бірі ол – көппартиялы парламент, жергілікті жерлердегі сайланбалы органдар ықпалының артуы.
Берік Бекжановғ «Парламентаризм институты» директорының орынбасары:
- Президенттің өзі өзінің өкілеттігінің көбісін жергілікті атқарушы органдарға берді, Парламентке берді. Парламент те емін-еркін жұмыс жасау құқығына ие болды.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тек депутаттардың өздерінің жеке бастамасымен 43 заң ұсынылып отыр. Сол заңның біршамасы іске асырылып отыр. Несиелерді минимизациялау туралы заң да депутаттардың бастамасымен болды. «Ұлттық қор – балаларға» деген заң да депутаттардың бастамасымен болды. Демек белгілі деңгейде конституциялық реформа халыққа жетіп жатыр деп ойлаймын.
Депутаттың өзі халықтың көңілінен шықпаса, мандатынан айырылады. Аралас сайлау жүйесі енгізіліп, халық өз өкілін Парламентке үкілеп қоса алатын болды. Саяси жүйенің келбеті өзгеріп, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік басқаруға бағыт алды. Мемлекет басшысы қандай да бір саяси партияға кіре алмайды, ал оның туыстары мен жақындары жоғары лауазым иесі бола алмайды.
Президенттің тапсырмалары халықтың талабы негізінде түзіледі. Яғни әділетті қоғам орнатудың осындай алғышарты жасалды. Енді әділдікті талап ету адамнан.
Жамаладен Ибрагимов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры:
– Қарапайым азамат Конституциялық Кеңеске ешқашан өтініш бере алмайтын. Ал енді конституциялық реформалардан кейін Конституциялық Соттың құрылуы – әр азаматтың өзінің құқығы мен бостандығын қорғау үшін өзінің құқығын пайдалану мүмкіндігін берді.
Яғни заңның өзі құқығыңды шектейтін болса, іштен тынба. Шағымдан, арқа сүйейтін құзырлы орын бар деген сөз ғой. Бұл нақты қадамдар ендігіде заң екеш заңның да бірінші кезекте азаматтар мүддесіне қарай қабылдануына серпін беретінін анық меңзейді.
Берік Дүйсенбай, Қайрат Ақтөреев