Журналист Галина Полеваяның еміне қаржы жинау науқаны жалғасуда
«Хабар» арнасында 20 жылдан аса уақыт қызмет атқарған журналист, спорт шолушысы Галина Полеваяның еміне қаржы жинау науқаны жалғасуда. 27 қыркүйекте оның жақындары ашқан қайырымдылық есепшотына бүгінде 39 мың АҚШ доллары жиналған. Ал Галинаға күрделі операция жасау үшін әлі 250 мың доллар көлемінде қаражат керек.
Галина Полевая қазір ауруханада 16-химия терапиясын қабылдап жатыр. Халі күн санап нашарлап бара жатқан оған жілік майын алмастыру операциясы ғана көмектесе алады, - дейді дәрігерлер. Әріптесіміздің жақындары үміттерінің ақталатынына үлкен сенім артады.
Анастасия Вылегжанина, Г.Полеваяның қызы:
- Бізге әлі 247 мың доллар жетпей тұр. Шын мәнінде барлығы уақытпен өлшенуде. Жедел шот ашып, қажетті соманы қайырымды жандардың көмегімен жинап жатырмыз. Дәрігерлер әлі екі химия алу қажеттігін айтады. Сол курстардың барлығы аяқталған соң, анамды жілік майын алмастыру операциясын жасау үшін шетелге апаруға болады. Қазір дәрігерлер қатерлік ісік жасушаларын жоюға күш салып жатыр.
Қауіпті дертпен күресуде мойымау аса маңызды. Галинаның жақын туыстары мен әріптестері мұны жақсы түсінеді.
Анастасия Вылегжанина, Г.Полеваяның қызы:
- Бізге дүние жүзі бойынша қолдау көрсетуде. Бірінші кезекте өзіміздің қазақстандықтар қолдап жатыр. Көршілес ресейліктер де, канадалық достар да, Аустралиядан да мүмкіндігінше ақша аударылды. Гонконг, Дубайдан да қаржылай көмек көрсетіп жатқандар бар. Әсіресе еліміздің Ұлттық Олимпиада комитеті, Олимпиада чемпиондары мен спортшыларымыз көп қолдау көрсетті. Барлықтарыңызға үлкен рахмет!
Қазіргі уақытта Галина Полеваяға жілік майын алмастыру операциясы өте қажет болып тұр. Ондай отаны Оңтүстік Корея клиникаларының бірі жасауға келісім берген.
Авторлары: Индира Оразалинова, Ерлан Әбжанов