«Хабар» арнасы көрерменге 30-дан астам тележоба ұсынады
Үш арнаның басын біріктірген «Хабар» Агенттігінде қазір 1 мыңнан астам адам еңбек етеді. 29 жылда тағы мыңдаған адам «Хабардан» түлеп ұшты. Заман өткен сайын техникамыз жаңарды, журналистер мен операторларға да жаңа талаптар қойыла бастады. Себебі отандық медианың көшбасы саналатын «Хабар» дәуір көшінен де кеш қалмауы тиіс.
Алғашында өз жұмысын бірнеше камерамен ғана бастаған «Хабар» қазір ірі медиахолдингке айналды. Агенттіктің үш арнасы бүгінде ақпарат кеңістігінде ойып тұрып орын алады. «24kz»-ті ел жедел ақпараттың жаршысы деп білсе, «Еларна» деректі фильмдер мен сүбелі сұхбаттың ордасы. Ал «Хабар» - әуелден ақпараттық-сараптамалық және танымдық арна. 30 жылға жуық эфирде жүрген «Жеті күнді» білмейтін адам кемде-кем. Ендігі мақсат – осынау мол тәжірибемен жаңа заманның талаптарын меңгеру.
Дәулетхан Жиенқұлов, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
-Болашақтыкы деп жатырмыз, дегенмен бүгіннен бастап әлем пайдаланып жатқан жасанды интеллект. Осы жасанды интеллекті бойынша қазір бізде үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Қытай сияқты, Корея сияқты техникасы дамыған елдермен ынтымақтастық орнатып, солармен біз қазір кәдімгідей жұмыс істеп жатырмыз. Одан бөлек «Хабар» агенттігінің ютубтағы парақшасы жалпы бүкіл қазақстандық арналардың ішіндегі №1 деп айтуға болады. Ең көрермені көп, қаралымы жоғары. Сондықтан біз осы бағыттағы да жұмыстарымызды жалғастыра береміз.
Тың технологияны енгізуде де агенттік медианарықтың көш басында келеді. Мәселен, студияға операторсыз жұмыс істейтін автоматтандырылған камераларды алғаш боп «24kz» арнасы орнатты. Тікелей эфирде хабар тарату бойынша да аталған арна алдыңғы орында. Осылайша агенттіктің материалдық-техникалық жарақтандырылуы күшейіп жатыр.
Алтын Нүсіпова, «Хабар» арнасының режиссёрі:
-Осыдан 20 жыл бұрынғы техника мен қазіргі кездегі техниканы салыстыруға мүлдем келмейді. Ол кезде ауыр камера, БТМ кассета. Сол кассета арқылы біз сюжеттерді жазып, эфирге беретінбіз. Әрбір кассетаны сюжетті берген кезде ауыстырып отыратынбыз. Ал қазір цифрлық жүйеге ауысқаннан кейін сюжеттерді карт-машина арқылы беріп отырамыз.
«Хабар» Агенттігі – мықты медиа-менеджерлер мен идеология саласы білгірлерінің ұстаханасы. Олай дейтімініміз, қазір елдегі белді әрі танымал азаматтардың біразы «Хабарда» шыңдалған тұлғалар. Халықтың алғысына бөленген ардагерлеріміз қаншама. Ал қазір олардың ізін жастар басып келеді.
Диана Қадыр, «Хабар» арнасының тілшісі:
-Менің «Хабарға» келгеніме 2 жыл болды. Жас маман ретінде үлкендерден, тау тұлғалы азаматтардан біраз дүние үйрендім. Бұрын теларнадан көріп өскен азаматтармен қазір иық тіресе жұмыс істеп жатырмыз. Біз үшін ол – үлкен бақыт. Тарыдай болып кірдік, енді таудай болып шығу да біздің басты мақсат.
Жер жаһаннан жедел хабар алуда тілшілердің рөлі зор. Қазір «Хабар» Агенттігінің әлем бойынша ондаған елде тілшілер қосыны бар. Одан бөлек еліміздің үш мегаполисі мен 17 аймағында әріптестеріміз еңбек етіп жатыр.
Гүлмайра Қуатбайқызы, аймақтық тілшілер желісінің редакторы:
-Олар күн демей, түн демей хабар тарады. Өзіңіз білесіз орман өрті кезінде, бірқатар облысты су басқан кезде сағат сайын тікелей эфирге шығып, халықтың жанайқайын жеткізді. Апталап, айлап бала-шағасын көрместен жұмыс істеді. Одан бөлек тілшілеріміз күнделікті жер, су, жылу, жарық секілді әлеуметтік мәселелерді, халықтың көкейкесті мәселелерін көтеріп, соларды шешуге атсалысып жүр.
«Хабарға» келесі жылы 30 жыл толады. Мерейтойды біздің ұжым биылдан бастап кетті. Осы жылы көрермендерге тек «Хабар» арнасының өзі 30-дан астам тележоба ұсынады. Одан бөлек көрерменді жаңа телехикаялармен де қуантпақпыз.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Қайрат Ақтөреев, Мейірбек Беспаев