Хабар телеарнасы

Ерке Есмаханның «Махаббат кафесі» фильмі көрерменге жол тартты

Танымал әнші Ерке Есмаханның продюсерлігімен түсірілген фильм көрерменге жол тартты. «Махаббат кафесі» деп аталатын комедиялық туындыда күре жол бойындағы дәмханада болған қызықты оқиғалар суреттеледі.

Биылғы маусымда түсірілген жаңа кинотуындылардың қатарына комедия жанрындағы «Махаббат кафесі» атты фильм қосылды. Күре жолдың бойында орналасқан кафеде болған шытырман оқиға туралы туындының бас продюсері және негізгі рөлдің бірін ойнаған – Ерке Есмахан. Бұл – танымал әншінің кино әлеміндегі тырнақалды жұмысы.

Ерке Есмахан, «Махаббат кафесі» фильмінің бас продюсері:

- Халықтың қазіргі сұранысын да ескердік, ойластырдық. Ішінде ой салатын дүниелері, күлкілі жерлері де бар және қазақтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты.

Кинодағы басты рөлдің бірі Шыңғысты Шәріп Серік ойнайды. Мұнда аспаз жігіттің басынан өткен шытырман оқиғалар суреттеледі. Яғни жол бойындағы дәмханаға бейтаныс жігіт аспаз болып жұмысқа орналасады. Дәмхана иесінің қызы Мақпалмен танысып, сезім оты тұтанады. Алайда жас аспаздың көптен жасырған құпиясы кейін белгілі болады.

Шәріп Серік, актер:

- Өмірде бір түсінбеушілік болып жатқан кезде көрермен осы киноны қосып, көңілін көтеріп, көріп бітіргеннен кейін «жақсы кино» деп шықса күшті болар еді.

Кинотуындыда қазақтың ұлттық тағамдары кеңінен насихатталады. Фильмнің режиссері Асқар Ұзабаев 17 күнде түсірілген кинокомедия көрерменнің көңілінен шығады деген сенімде. «Махаббат кафесі» 25 қазаннан бастап «Kinopark 11 Imax Esentai» кинотеатрында көрсетіледі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев