Хабар телеарнасы

Елімізде прокатқа шықпаған екі фильм үшін бюджеттен ₸900 млн-нан астам қаржы бөлінген

Елімізде түсірілген бюджеті 900 миллион теңгеден асатын фильмдер прокатқа шықпай тұр. Мұны Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады. Қадағалаушы орган «2019-2023 жылдары бірнеше ұлттық кино тиімсіз қаржыландырылған»,– дейді. Нақтырақ айтсақ, «Выбор» фильміне 0,5 млрд теңге бөлінген. Ал «Тырналар» туындысына 421 млн теңге жұмсалған. Бірақ қыруар қаржыға түсірілген фильмдер көрерменге жетпеген. Құзырлы органның хабарлауынша, оларға прокат куәлігі берілмеген. Ұлттық фильмдердің бюджеті мен прокат түсімін қадағалайтын автоматтандырылған ақпараттық жүйе қолданысқа енгізілмеген. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» Басқарма төрағасының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Райымбек Шәріпбаев, Алматы қалалық прокуратурасының ресми өкілі:

-Киножобаларға объективті іріктеу жүргізілмейтін сараптамалық кеңестің жұмысы жекелеген наразылықтарды тудырып отыр. Оның үстіне кинокомпаниялардың продюсерлері, режиссерлері, актерлері, құрылтайшылары бір уақытта Сараптамалық кеңестің мүшелері болып, нәтижесінде жоба қаржыландырылған. Бұл ҚР Үкіметінің 15.03.2019 жылғы №113 Қаулысына қайшы келеді.