Хабар телеарнасы

Қаланың цифрлық егізі: Қазіргі заманның сын-тегеуріндерін шешуге технологиялар қалай көмектеседі

Қаланың цифрлық егізі: Қазіргі заманның сын-тегеуріндерін шешуге технологиялар қалай көмектеседі

Цифрлық егіздер ақылды қалаларды жоспарлау, басқару және болашақ сын-қатерлерге бейімдеу тәсілін өзгертеді.

Әлемдегі мегаполистер асқан қарқынмен өсуде: қала тұрғындарының саны апта сайын 1,5 миллион адамға артады екен. БҰҰ мәліметінше, 2050 жылға қарай әлем халқының 68% жуығы қалаларда тұрады. Инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуі, көлік кептелістері, экология және қалдықтарды кәдеге жарату проблемалары, апаттық жағдайлар және басқа да көптеген проблемалар — осының бәрі қала билігінен ұзақ мерзімді жоспарлауды ғана емес, сондай-ақ жедел әрекет етуді талап етеді. Дәстүрлі басқару әдістері өсіп келе жатқан жүктемелерді көтере алмайды және цифрландыру бірінші орынға шығады.

Қаланың цифрлық егізі — бұл әртүрлі дереккөздерден алынған деректерді біріктіре отырып, қалалық ортаны басқаруды өзгертетін инновациялық шешім. Бұл технология тек болжам жасап, дамуды жоспарлауға ғана емес, күнделікті проблемаларды жедел шешуге де мүмкіндік береді. Цифрлық егіздің басты артықшылығы — оның көптеген деректерді бірыңғай жүйеге біріктіру және оларды дереу талдау қабілетінде. Бұл дәстүрлі тәсілдер арқылы байқалмайтын қалалық инфрақұрылымдағы болмашы бұзылыстарды да анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, нақты уақыт режимінде жол көлік апатының (ЖКА) орнын, жол жабынының зақымдануын немесе беймәлім қоқыс үйіндісінің пайда болуын байқауға болады. Осындай проблемаларды тез анықтаудың арқасында қалалық қызметтер тұрғындар үшін қолайсыздықты барынша азайтып, одан туындайтын ықтимал салдарды болдырмай, дереу әрекет ете алады.

Сонымен қатар, цифрлық егіз түрлі жағдайлардың ағымын модельдеуге, көлік бағыттарын оңтайландыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және шығындарды қысқарта отырып, барлық үрдістердің ашық жариялылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл технология жаһандық және жергілікті міндеттерді шешудің бұлжытпас құралына айналуда. Ол шығарындыларды бақылау, қоқыс шығаратын көліктердің бағыттарын оңтайландыру және жасыл аймақтардың жағдайын бақылау арқылы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар ол ұсақ, бірақ маңызды мәселелерді шешуге қабілетті: мысалы, көшедегі жарықтандырудың бұзылуын жедел жөндеу немесе жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін жағдайды жақсарту сияқты әрекеттер.

Қалаларды цифрландыру цифрлық егіз технологиясының көмегімен басқаруды икемді, ашық және тиімді етеді. Бұл жай ғана құрал емес, бұл — әрбір үлкен немесе кіші проблема тез және аз шығынмен шешілетін, ал қала тұрғындарының өмірі қауіпсіз әрі жайлы болатын болашақтың ақылды қалаларын құруға арналған іргетас.

Цифрлық егіз қалаларды бейімделіп, дами алатын жүйелерге айналдырады. Алматының қарқынды өсу жағдайындағы мұндай технологиялар — болашақтың ақылды қалаларын құрудың негізі.

Цифрлық егіздерді тиімді пайдалану мысалдары:

Сәулетшілер мен қала құрылысшылары жаңа ғимараттың көлік ағынына немесе көрші нысандардың жарықтандыру деңгейіне әсерін бағалау үшін цифрлық егіздікті пайдалана алады, айталық, Цюрих қаласын мысалға алуға болады. Цифрлық егіздікті Шанхай қаласында да қолданады. Forbes мәліметтері бойынша, бұл көшірме қоқыс жинау жүйесінен бастап электробайктарды зарядтау инфрақұрылымына дейін қалалық ортаның 100 000 астам элементін модельдейді және Қытай билігіне төтенше жағдайларға, мысалы, табиғи апаттар мен пандемияларға қарсы әрекет етуді жоспарлауға қолқабыс етеді.