Алматылық тұрғындар инфрақұрылымға жарымай отыр
Алматының «Мәдениет» шағынауданы да инфрақұрылымға жарымай отыр. Көктем мен күзде батпаққа бататын жұрт қар мен жауын жауса, жарық та жиі өшетін болған, - дейді. Қала деген аты болмаса, оған лайықты бірде-бір жағдай жоқ деген тұрғындар жергілікті билікке наразы.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Он жыл бұрын Алматыға қосылған Мәдениет ықшамауданының бүгінгі келбеті осындай. Мына жолдармен көліктің жүруі былай тұрсын, жаяу адамның өзі батып қалады,-дейді тұрғындар. Осы уақыттан бері шағынауданда ештеңе өзгермеген, сол батпақ, сол балшық.
Бұрын «Рахат» деп аталған Мәдениеттің көшелері бір жыл бұрын тегіс болатын. Тұрғындар өздері күш салып, жолдарды тегістеп, ескі асфальт төсеген. Батпаққа қарағанда тәуір еді,-дейді. Алайда былтыр су құбыры мен кәріз жүйесін жүргізген мердігерлер жұмысты тыянақты орындамапты.
Алтынай Өтепбергенова, Мәдениет ықшамауданының тұрғыны:
- Көршілермен 100 мың теңгеден шығарып, тегістеген жолды мердігерлер қопарып тастады. Қалпына келтірмей кетті. Көшелердегі батпаққа көліктер батып жүре алмайды. Өткенде жедел жәрдем көлігі батып, фельдшер жаяу кетті. Тұрғындар жаңағы көлікті әрең шығарды.
Алатау ауданының әкімдігі болса, Мәдениеттегі инженерлік желілерді тарту жұмыстарын биыл толық аяқтаймыз,-деп отыр. Былтыр 28 пайызы ғана жасалыпты. Ықшамауданда ұзын ырғасы 100 шақырымға жуық құбыр тарату жоспарланған. Жол салуға содан кейін кірісбекші.
Абай Топарбай, Алатау ауданы әкімдігі аппаратының бөлім басшысы:
- Мына көшелерде әлі құрылыс монтаждау жұмыстары басталған жоқ. Бірақ көшенің жағдайы осындай. Сол себепті біз қазір су, кәрізді салып болған соң уақытша құм, қиыршық тастар, инертті материалдар себіледі үстінен. Одан кейін жаз мезгілінде жол мердігерлері кіретін болады.
Тұрғындар сол уақытша деген құм мен қиыршық тастардың өзін жақсылап төсесе,-дейді.
Жұлдыз Телебаева, Мәдениет ықшамауданының тұрғыны:
- Қалай жасалу керек екенін бізге енді айтты, - дейді. Енді төсемелердің бәрі айтылды, енді қайтадан жасайды, төсемелерді қайтадан төгеді. Олай болмайды ғой, қанша ақша кетіп жатыр, қанша ақша бөлініп жатыр.
Мәдениетте көше шамдары да жоқ. Тұрғындар бұл мәселе де шешілсе игі болар еді,-дейді.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов