Қарағанды облысында көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстары күшейді
Мамандар: «өзен арнасы мен арықты тазартуды уақытында аяқтауымыз керек», - дейді. Әрі 150 елді мекенде қардан тазарту ісі қарқын алды. Себебі синоптиктер 15-ші наурыздан бастап өңірде күн жылынады деп болжап отыр.
Биыл Қарағанды өңірінде қар қалың. Қыс басталғалы елді мекендерден 1 млн текше метрден астам ақ ұлпа шығарылды. Бұдан бөлек, өзен арналары мен арықтар және су өткізгіш құбырлар тазартылып жатыр. Аймақтағы Самарқанд және Ынтымақ қоймаларында су ағызу жылдамдығы секундына 10-15 текше метрге жетті. Алдағы күндері бұл көлем артуы мүмкін.
Думан Дәлешов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Наурыздың 6-нан облысқа қарасты өзендерде мұз жару жұмыстары басталды. Бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Ал жару жұмыстарын жүргізуге ыңғайсыз аумақтарды бұрғылап жатырмыз.
Нұршат Қайыр, Қарқаралы аудандық ТЖБ бастығы:
- Қарқаралы ауданында 8 ауылдық округ, оның ішінде 14 елді мекеніміз бар. 14 елді мекен жаңағы су басу қаупі бар тізімге енгізілген болатын. 2025 жылдың көктемгі су тасқынына алдын алу және болдырмау мақсатында 9 іс-шара бойынша барлық жұмыстар атқарылды. Ол дегеніміз – бөгеттерді орнату немесе орнатылған бөгеттерді нығайту жұмыстары.
Қарқаралы ауданындағы су басу қаупі жоғары елді мекеннің бірі – Қаракөл ауылы. Осыдан он жыл бұрын бірнеше үйді су басып қалған еді. Содан бері жыл сайын тасқынға қарсы шаралар атқарылады. Биыл құтқарушылар елді мекенді айналдыра 300 метр бөгет тұрғызды. Сонымен қатар 500 тоннаға жуық құм толтырылған қап дайындаған.
Орынбасар Апақашев, Қаракөл ауылының тұрғыны:
- 5-6 жылдың көлемі болды мынау су ағатын 2 көпірлер үлкейтілді. Дайындалып жатырмыз, Алла біледі енді қалай болатынын. Бүкіл су осы ауылдың үстімен өтеді.
Өңірде бүгінге дейін 20 шақырымнан астам өзен арнасы мен 26 шақырымға жуық су бұру жүйелері тазартылды. Бұл жұмыстар 20 наурызға дейін аяқталуы тиіс. Өзен-көлдердің бетінде әлі мұз қалың, дегенмен ондағы су деңгейін мамандар әр 4 сағат сайын тексеріп отыр.
Елдос Кәкенов, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев