Бірыңғай уақыт белдеуі: Үкіметте мониторинг қорытындысы баяндалды
Бірыңғай уақыт белдеуі халық денсаулығы мен еңбек өнімділігіне әсер етпейді. Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі осы мәселеге қатысты жүргізілген мониторинг қорытындысын баяндады.
Зерттеуде кешенді тәсіл қолданылған. Талдау жұмыстарын медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттары жүргізген. Бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқанға дейінгі және кейінгі 40-тан астам көрсеткіш сараланған. Оның ішінде халық денсаулығы, энергия тұтыну, еңбек тиімділігі, оқушылардың үлгерімі және басқа да факторлар бағаланыпты.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Нақты деректерге негізделген нәтижелер, уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындайды. Сонымен қатар өңірлерде талқылау барысында мәслихат депутаттары жұмыс кестелерін ауыстыру арқылы жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдады. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында жұмыс кестесі 8:00-17:30 дейін өзгертілді.