Алматыда «қара риэлторлар» қылмыстық тобының мүшелері сотталды
Алматыда жалғызбасты және психикалық ауытқуы бар адамдардың пәтерін заңсыз сатқан қылмыстық топ мүшелері сотталды. Бұл іс бойынша 22 адам айыпталушы деп танылған. Олар сот үкімімен 3 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Ұйымдасқан қылмыстық топ 2017-ден бастап 6 жыл заңсыз әрекетін іске асырған. Құрамында психиатр-дәрігер, нотариус, риелтор және бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істеген қызметкер болған. Оларға адамдарды ұрлау, кісі өлтіру, психикалық ауытқуы бар қарттарға зорлық-зомбылық көрсету және баспанасынан айыру бойынша айып тағылды. Тергеу нәтижесінде жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын 668 миллион теңгеге бағаланды. Қаскөйлер 29 пәтерді сатып үлгерген. Сондай-ақ иесі қайтыс болған екі баспананы алаяқтық жолмен иемденген. Бұл істе жалпы саны 37 жағдай қаралды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басында тұрғандарға ең ауыр жаза тағайындалды. 18 жыл. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Ерлан Болатов, қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- Сот Ирина Юсуповна Гаппарованы қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы үкім шығарды. Үкімдерді ішінара қосу арқылы 18 жыл бас бостандығынан айыру белгіленсін. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Болтабоев Әшірәлі Фазылұлы қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 17 жыл бас бостандығынан айыру белгіленсін.