Хабар телеарнасы

21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынады

Қоғамды алаңдатқан тағы бір өзекті мәселе Президент қол қойған заң тетіктері арқылы реттелетін болды. Елімізде 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынады. Дәрігерлер мұндай сусынға тәуелділікті маскүнемдікпен тең қойып отыр, ал оның зияны алкогольден асып түседі дейді.

Астаналық Аманжол Байғазин күндіз жұмыс істеп, түнде такси болып күн көреді. Көлігінен міндетті түрде энергетик сусын табылады. Ұйқыашар деп ат қойған мұндай энергетиктің күніне 3-4 құтысын ішеді. 7 жылдан бері осыған тәуелді болып қалған. «Зардабы енді шығып жатыр»,— дейді.

Аманжол Байғазин, қала тұрғыны:
-Зиянын көріп жатырмын қазір. Сезініп жатырмын. Қазір бүйрек ауыра бастады. Содан кейін жүректе шаншу пайда бола бастады. Алдында бір больницаға барып қаралған кезде жүрекке ем қажет деген айтылды. Энергетикалық сусындарды вообще ішуге болмайды деген сөздер де айтылды.

Қазір мұндай энергетик сусынды дүкеннен бала-шаға да еркін алып ішіп жүр. Мұндай сусынның құрамындағы кофеин, таурин, гуарану секілді энергетик стимуляторлары мен субстраттар сергітіп, күш сыйлайды делінеді. Нутрициолог дәрігер Жанна Нұрберген бұл нағыз жалған жарнама дейді. Айтуынша мұндай сусындар керісінше адамның ішкі қуатын сарқып тауысатын, ақырында иммунитетін жоятын есірткі, алкоголь секілді әсер етеді.

Жанна Нұрберген, нутрициолог:
-Энергетикалық сусындарды күнделікті іше беретін болса, ең бірінші адамның ас қорыту жүйесіне әсер етеді. Ол бірінші кезекте. Екіншіден, бауыр, өт жолына әсер етеді. Одан кейін қан тамырлары жүйесінің ауруларына әкеп соғуы мүмкін. Өйткені энергетикалық сусындардың құрамында өте көп қант бар. Қанның құрамындағы қанттың деңгейін жоғарылатады.

Дәрігерлер энергетик сусынға тәуелді буын қалыптасып келе жатқанына алаңдайды және оның салдары ішімдікке тәуелділіктен еш кем түспейтінін айтады. Сандар мамандардың сөзін қуаттайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 184 миллион литр энергетик сусын ішілген. Сонда жан басына шаққанда 9 литрден айналады. Алкогольді тұтынумен салыстырсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше Қазақстанда алкоголь ішімдіктерді тұтыну көлемі бұдан 5 есеге аз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы оқушылардың жартысына жуығы энергетик сусын ішуді әдетке айналдырған. Ал оның зардабы ұшан теңіз: орталық жүйке жүйесінің бұзылуы, психикалық ауытқу, қант диабетінің жасаруы, тағы басқа. Қазір құзырлы органдар 21 жасқа дейінгілерге энергетик сусын сатқандарға салынатын айыппұл көлемін нақтылауда. Оның сомасы 7 миллион теңгеге дейін баруы әбден мүмкін.

Салтанат Назарова, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы төрағасының орынбасары:
-Заңның жұмыс істеуі үшін реттеуші және қадағалаушы нормалар болуы қажет. Яғни заңбұзушылық қалай анықталады және оған қандай жаза қарастырылады? Бүгінде осы сұрақтардың жауабы қарастырылып жатыр. Айыппұл мөлшері нақты анықталған соң оны Мәжілістің қарауына ұсынамыз.

Сол себепті бұл заң әдеттегідей 60 күннің ішінде емес, келесі жылдан бастап күшіне енеді дейді мамандар. Осылайша Қазақстан энергетик сусындар саудасына шектеу қойған Франция, Дания, Норвегия, Австрия, Түркия, Исландия, Литва секілді елдер қатарына кіреді. Ал Австралия мен Жаңа Зеландияда мұндай сусынды шығаруға да, сатуға да толық тыйым салынған. Көрші Қырғызстан мен Өзбекстанда 18 жасқа толмағандарға энергетиктер сатылмайды. Мамандар заңдағы шектеулер мен жаза шаралары елдегі жастардың денсаулығын сақтауға үлкен үлес қосады деп үміттеніп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Самат Оспанов, Бауыржан Ебелеков