Хабар телеарнасы

Дубай тұрғындары қымбат көліктерін велосипедке ауыстырып жатыр

Дубай тұрғындары қымбат көліктерін жеңіл әрі арзан қозғалыс құралына ауыстырып жатыр. Өйткені қала күндіз және кешкі уақытта көлік кептелісінен көз ашпайтын болған. Мәселені шешу үшін әмірлік билігі ұзындығы мың шақырымға жететін жаңа веложолақ салуға кірісті. 

Ежелгі тұрмыс-салтта шайтан арба саналған көлік түрі қазір ірі қала тұрғындарын діттеген жерге дер кезінде жеткізетін маңызды құралға айналды. Әсіресе, Дубай секілді халқының саны күн сайын өсіп, кептелісі жолаушы жолын жиі кес-кестей жөнелетін жерде оның пайдасы орасан. Арабтар мұны әуелден түсінді. Сөйтіп премиум-люкс санаттағы көліктерін аптасына кемі екі рет жеңіл әрі жылдам велосипедке ауыстыратын болды.

Осы күндері Дубайдағы көлік кептелісі қала халқын алаңдататын басты мәселе. Оны шешудің бірден-бір жолы - көлік иелерін жеңіл қозғалыс құралына көшіру. Бұл міндет ретімен орындалып келеді. Әмірлік басшылығы жыл сайын шаһарда вело бәсекелер өткізіп, тұрғындарды түрлі тәсілмен ынталандыруға кіріскен. Мәселен, биылғы «Әл-Салам» жарысы жүлде қоры және қатысушылар саны жағынан ең ауқымдысы.

Жоау Матиаш, кәсіби велошабандоз:

-Әл Салам чемпионатына алғаш рет қатысып тұрмын. Бұған дейін ол тек араб мемлекетінен келетін командаларға арналған еді. Енді біз секілді кәсібилер де қатысып, бақ сынайтын болды.

Былтырдан бері ел ішінде велосипед тізгіндеудің артықшылығы мен қауіпсіздік талаптары кеңінен түсіндіріліп жүр. Себебі оны басқару кезінде ескеретін бірқатар жайт бар. Ең әуелі жылдамдық сағатына 20 шақырымнан аспауы тиіс. Айыппұл біздің ақшаға шаққанда 15 мың теңгеге тең. Сондай-ақ арнайы бас киімсіз жүруге және екінші адамды отырғызуға тыйым салынған.

Сабер Тафти, Дубай тұрғыны:

-Қазір қыс мезгілі болғандықтан, велосипедті аптасына екі рет қолданып жүрмін. Онымен жұмысқа баратын кездер болады. Арнайы жолақ өте ұзын. Жағалауды айнала жүруге болады. Таза ауамен де тыныстайсыз. Денсаулыққа аса пайдалы дүние.

Әмірлік енді велосипедшілерге жасалатын жағдайды одан әрі жақсартып, арнайы жолақ ұзындығын 1600 шақырымға жеткізуді жоспарлап отыр. Әзірге қала бойынша веложолдың ұзындығы 600 шақырымға шамалас. Жоба жүзеге асса, Дубай әлемдегі ең ұзын веложолағы бар қала атануы мүмкін.

Авторы: Рауан Мыңбай