«Хабар» телеарнасы 31 желтоқсанда «Мерекелік қарбалас» жаңажылдық бағдарламасын ұсынады
Жаңа жылды «Хабар» арнасымен бірге қарсы алсаңыз, мерекелік қызықтан, құр қалмайсыз! Көрерменнің талғамын ескерген «Хабар» телеарнасы ерекше тосын сый жасап отыр. «Мерекелік қарбалас» кино-концерттік жобасы 31 желтоқсан күні кешкі сағат 10-да басталады. Елбасы құттықтауы кезінде үзіліс жасап, түн ауа бағдарлама қайта жалғасын табады.
«Хабар» телеарнасының жыл сайын көрерменнің көңілі үшін жаңажылдық әсерлі жоба әзірлейтін әдеті. Солардың бірі – «Мерекелік қарбалас» бағдарламасы. Биыл бұл шарада тек әнші-биші өнер көрсетумен шектелмейді. Бұл жолы телевизия қызметкерлерінің Жаңа жылды қарсы алу сәті көрсетіледі. Яғни мереке күні диктор, журналист, операторлардың түрлі оқиғаларды бастан кешіруі комедиялық жанрдағы қойылымда көрініс табады.
Жан Мұқанов, бас продюсер:
- Осы жылғы жаңажылдық түсірілімнің ерекшелігі барлық түсірілім осы жерде өтіп жатыр. Бүкіл еліміз көретін жаңажылдық киноэпопея болды.Әдемі болады, елімізге ұнайды деп үміттенеміз.
Мұнда қазақ эстарадасының жарық жұлдызы, әнші Роза Рымбаева да өз өнерін паш етеді. Сондай-ақ Айгүл Иманбаева, ағайынды Жүгінісовтер, Мәди Рымбаев секілді өнер иелері де көгілдір экранның төрінде көрермен көңілін аулайтын болады. Өтіп бара жатқан ит жылының жұлдыздарға қандай игілік әкелгенін сұрап білдік.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі:
- Жалпы біздің қазақстандықтар үшін бұл жыл өте ерекше жыл болды. Көптеген жақсылық жасалып жатыр, өмірімзге, жалпы елімізде береке, бірлік, бейбітшілік келсін. Сондықтан жаңа жылдан да күтеріміз тек қана жақсылық, тек қана бақыт, біздің еліміз жақсылыққа жете берсін.
Айгүл Иманбаева, эстрада әншісі, актриса:
- Мен үшін өте сәтті болды. Жаңа клип түсірдік. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, әр шаңырақта бақыт болсын, күліңіздер, шаттаныңыздар!
Мәди Рымбаев, әнші:
- Қуанышты сәттер көп болды, оқуды бітірдім, армандаған университетіме түстім. Келер жыл шабыт, қуаныш әкелсін, махаббатқа толы болсын.
«Мерекелік қарбалас» жобасы «Хабар» теларнасынан 31 желтоқсан күні кешкі сағат 10-да басталады. Түнгі 12-дегі Мемлекет басшысының құттықтауынан кейін жалғасады.
Индира Жылқайдарова, тілші:
-Ертегіге сенбесек те, жаңа жылдан жаңа ғажайып бір өзгеріс күтетініміз рас, сүйікті тағамдарымызды әзірлейміз, бір-бірімізге үлкен құлшыныспен сыйлық таңдаймыз, «Хабар» Агенттігі биыл да көрермендеріне концерт-шоу тарту етпек, бірақ бұл жолғы ойын-сауық бағдарлама тек ән-биден құралған жоқ, концерт кино түрінде түсірілді.
Қазақ халқы доңыз жылын «жайлы жыл» деп атайды. Жаңжылдық жобада ағайынды Жүгінісовтер де өнер көрсетеді.
Авторлар: Индира Жылқайдарова, Мейрамбек Ақмаханов, Аян Сәрсенбаев