31 желтоқсанға «Хабар» арнасы көрерменге тосынсый дайындады
Жаңа жылды бізбен бірге қарсы алыңыз! Сағат 22:00 арнамызда «Жаңа жылдың басты Хабары» атты мерекелік шоу көрсетіледі.
Эстраданың жарық жұлдыздары мен танымал әртістері биыл бізді қалай таңғалдырады?
Қызу дайындық. Мерекеге дейін санаулы күндер қалғанда студия ән-күйге толды. Оркестр музыканттары мен эстраданың жарық жұлдыздары жаңажылдық кешке ерекше ықыласпен дайындалуда. Тіпті әндерін жанды дауыста орындап, бұрын-сонды болмаған тарту ұсынбақ.
Әли Оқапов, әнші:
- Мүлдем салыстыруға келмейді. Осыған дейінгі барлық жобаларда ешқашан да бір дауыс жағынан, дыбыс жағынан ақау болуы мүмкін емес болды. Оның барлығы алдын ала жазылған еді. Ал осы жолы кімнің-кім екенін, оның тәжірибесінің қаншалықты мол екенін және жалпы шынайы болғанына әрине бізге үлкен мүмкіндік бар.
«Жаңа жылдың басты Хабарында» Әли Оқапов, Роза Рымбаева, Мейрамбек Беспаев, Айқын Төлепберген мен Луина сынды танымал әншілер өнер көрсетеді. Музыкалық шығармаларды олар жанды дауыста, оркестрдің сүйемелдеуімен орындайды.
Жанбол Түлешев, музыкалық продюсер:
- Солардың әндерін репетициясын жасап, звуктарының бәрін жазып аламыз алдын ала. Дауысын емес, именно инструментальный жағын. Өйткені сахнада ертең әртістерге де, оркестрге де оңай болатындай. Соны қазір осындай жұмыс жасап жатырмыз студияда.
Мерекелік бағдарлама мұнымен шектелмейді. Түрлі бояудағы әзілдермен көрермен жүрегінен ойып тұрып орын алған әзілкештер де кешті көңілдірек етеді. Ал сағат 22:00 басталатын «Жаңа жылдың басты Хабарынан» бөлек арнамыздың көрерменге дайындаған тағы бір тосынсыйы бар.
31 желтоқсан күні сағат 18:30 «Келінжан 2» фильмі көрерменге жол тартады. Ал 20:00 жылдың «Ең қызық премиясы» табысталады. Олай болса «Хабар» арнасы қосулы болсын!
Дана Әлиева, Аршын Кемелжан, Абен Нарымбаев