«Хабар» арнасында «Ұлы дала өркениеті» бағдарламасы жарыққа шығады
Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларымыз тегеуріні берік, тепкісі қатты заманда тең жарымынан айырылды.
Халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Алайда азаттықтың ақ таңы атып, өшкенді жандырып, өлгенді тірілтті. Төл тарихымызды ұмытпай, оны әлемге танытуға Елбасы да шақырып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Енді осыны негізге алған «Хабар» арнасы көрерменге «Ұлы дала өркениеті» атты жаңа бағдарламаны ұсынады.
Жеті қырын айқындаған елдің тарихы. Бұл – «Хабар» арнасында эфирге жол тартқан тың бағдарламаның негізгі тақырыбы. «Ұлы дала өркениеті» атты жоба түркі мәдениеті жайлы кеңінен айтып, сарапшы пікірлерімен бөліседі.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
- Енді «Ұлы дала» деп тек қана Қазақстанның ауқымымен шектеліп қалмаймыз. Көне түркі елдері бар. Сондықтан шетелдік сарапшыларды жиі тартуға, олардың пікірін білуге тырысамыз. Журналистердің дайындаған сюжеттері болады. Қалың көрерменге арналған бағдарлама. Біз ұмытылып бара жатқан тарихымыздың қаншалықты құнды мұра екендігін көрерменге, өскелең ұрпаққа жеткізгіміз келеді.
Өркениет тариыхында із қалдырған ата-бабаларымыздың мәдениеті жалпақ жұртқа аян. Ендігі біздің міндет – ұлттық тарихты білу арқылы болашаққа жол салу, өзге елдердің мәдениетімен бәсекелестігін арттыру. Бағдарламаның көздеген түпкі мақсаты да осы. Ол үшін отандық белгілі тарихшы-ғалымдар, этнографтар шақыртылады. Шетелдік сарапшылармен тікелей байланыс орнатылып, пікірлері тыңдалады. Бұл бағдарламаның тізгінін белгілі саясаттанушы, тележүргізуші Саят Жөкен ұстамақ.
Саят Жөкен, «Ұлы дала өркениеті» бағдарламасының жүргізушісі:
- Алғашқы хабарда қырғызстандық ғалым келіп қатысты. Халықаралық Түркі академиясының мүшесі. Қырғызстан – біздің бауырлас ел. Сондықтан біздің мәдениетке, өркениетке сырт көздің пікірін біліп отырсақ деген ойымыз бар. Бірінші тақырып – «Ұлы дала ұғымы». Философиялық, тарихи және «Ұлы даланың» концепт, идея ретіндегі маңызы туралы сөз қозғадық.
Бұл тақырыпта бағдарламаның алғашқы қонақтары болып тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев пен Қырғыз профессоры, Халықаралық Түркі академиясының мүшесі Қадыралы Қоңқабаев ой өрбітті. Жалпы «Ұлы дала» ұғымының қайдан шыққандығы және ол нені білдіретіндігі жайлы айтты.
Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы:
- «Ұлы дала» ғылыми, қоғамдық, шартты ұғым есебінде жақында ғана қалыптасып келе жатыр. Жалпы «дала» деген ұғым ертеден келе жатыр. Үнді, еуропалықтарға дейінгі дәуір, Ностра дәуіріне дейін баратын ескі сөздердің бірі.
«Ұлы дала өркениеті» бағдарламасы аптасына бір рет, сейсенбі күні 17:15-те эфирге шығады. Ұзақтығы: 45 минут. Ендеше төл тарихымыздың төлтума болмысын кеңінен білгіңіз келсе, «Хабар» арнасын қосуды ұмытпаңыз.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Риат Шони, Сұлтан Қалдыбек