«Қызық times» бағдарламасы көрерменге қайта жол тартады
«Хабар» телеарнасының жаңа маусымында көрермендер «Қызық times» бағдарламасымен тағы да қауышады. Әдемі әзілімен, орынды қалжыңымен студия қонақтарының жаңа қырын ашуға барын салатын жүргізуші Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабектің жаңа маусымда әзірлеген жаңалықтары көп.
«Қызық times» – көтеріңкі көңіл күйдің бағдарламасы. Жарты сағат бойы экран алдындағы көрермен де, студиядағы қонақ та күлкі дәруменіне қарық болады. Қалыптасқан форматқа сай бағдарлама қызықты сұхбат пен ерекше жанрдағы қойылымдарды ұсынады.
Айта кету керек, эфирге шыққан 10 жылда «Қызық times» бағдарламасы көптеген жастардың танылуына себепкер болды. Солардың бірі – әнші Дана Кентай.
Дана Кентай, әнші:
- Ең алғашқы әнімді осында орындап шыққан болатынмын. «Ұмыттың мені қалай?». Одан кейін осы үлкен сахнадағы өнерім жалғасты деп айтсам болады. Бұйырса, «Қызық times» жаңа маусымында менің жаңа әніммен шыққанымды және де бір әдемі постановка болғанын көрермендер тамашалай алады. Өзіме де қызық болып тұр қалай шыққаны.
Жаңа маусымда бағдарламаға тек кино, музыка саласының өкілдері ғана емес, сонымен қатар басқа да салаларда еңбек етіп жүрген тұлғалар шақырылып, қызықты сұқбат, тартымды әңгіме өрбиді.
Еркебұлан Мырзабек, бағдарламаның жүргізушісі:
- Біздің көрермендерді жаңа есімдер, жаңа қонақтар, жаңа жобалар, сонымен қатар білім саласында да, Олимпиада чемпиондары бар, оларды да шақырғымыз келеді. Түрлі-түрлі салалардың бәрін қамтып, шақырып, көрсеткіміз келеді.
Бағдарлама барысында әдеттегідей «Әнстаграм» айдары көрерменге хитке айналған әннің орындаушысын таныстырады. Жаңа маусымда Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелге танымал болған «Дарите женщинам цветы» әнінің орындаушысы Жандаурен қонақта болады. «Қызық times» бағдарламасының жаңа маусымдағы бірінші шығарылымын 15 қыркүйекте «Хабар» арнасынан тамашалап, бірге көңіл көтеріңіз!
Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов