Алматыда қала күні кең көлемде аталып өтті. Екі күн бойы мегаполистің 8 ауданында және орталық алаңдарда концерттер, фестивальдер, көрмелер мен түрлі спорттық-шығармашылық шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламаларға 1 миллионнан астам адам қатысыпты.
Негізгі іс-шаралар Абай және «Астана» алаңында, Панфилов және Жібек жолы жүргінші көшелерінде өтті. Мереке Алматы әкімінің қатысуымен өткен салтанатты концерттен басталды. Дархан Сатыбалды алматылықтарды Қала күнімен құттықтап, шаһардың дамуына елеулі үлес қосқан жандарға «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі:
- Алматы халықаралық рейтинг агенттіктерінің зерттеуі бойынша Орталық Азиядағы ең көркем қала атанып, жаһандық 30 қала қатарына енді. Ірі кәсіпорындар, кәсіпкерлік орта мен жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары шоғырланған қаламыз, еліміздегі жетекші креативті орталық саналады. Технологиялық даму тұрғысынан ол әлемнің үздік 40 қаласы қатарынан орын алып отыр.
Қала күніне орай Жетісу ауданындағы ипподромда меркелік концерт пен Ұлы дала ойындары ұйымдастырылды. Ұлттық спорт мерекесінде атбегілер тұлпарын бәйгеге қосып, көкпаршылар күш сынасты. Мергендер жамбы атып, балуандар белдесті.
Жанасыл Сабырұлы, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары:
- Бүгінгі таңда бәйгенің өзіне қатысуға қызығушылық танытып жатқан шабармандардың қазіргі таңда қарасы көп. 50-ден астам адам келіп, жазылып жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, осы шараны ұлттық нақышта өткізуге бірден бір пайдасын тигізіп жатыр.
Дүбірлі додада жүйріктердің бабы мен шабандоздардың шеберлігі сынға түсті. 25 шақырым қашықтыққа шапқан аламан бәйгенің жеңімпазы демеушілер тіккен автокөлікті олжалады.
Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев.