ШҚО-да 480 мың тоннадан астам астық жиналды

  • 7
  • 21.09.2026, 18:44

Шығыс Қазақстанда орақ науқаны аяқталуға жақын. Әзірге қамбаға 480 мың тоннадан астам астық жиналды. Өлкеде әсіресе майлы дақылдар соның ішінде күнбағыс еккендер көп. Қазір таң атысымен дала төсінде жиын-терінмен айналысып жатқандардың дені де осы шаруалар. 76 мың гектар жерге дән сепкен Алтай ауданының диқандары жайлы ауа райын қалт жібермей, егіс басында жүр. Жаздағы аптап ыстық өнім шығымына қалай әсер етті?

Алтай ауданындағы шаруаларда қазір тыным жоқ.Өйткені бұл жақта ауа райы аяқ асты өзгереді.Тау арасын лезде қар басып қалуы мүмкін. Сондықтан жұмысшылар техникасына отырып, таң атысымен алқапқа аттанады.

Жанатбек Бұғыбаев биыл 6,5 мың га алқапқа дән сепкен. Арасында рапс, қарақұмық,арпа бар.Бірақ көрер пайдам көп болар деп, 2200 гектарға күнбағыс егіпті.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Күнбағыс алқабында шаруа қызып тұр. Техника таңнан бастап жинап теру жұмысына кіріскен. Жазда сап-сары болып тұрған күнбағыстар мінеки қазір әбден пісіп,қамбаға түсуге дайын тұр. Бұл Алтай ауданындағы шығымы көп алқаптардың бірі. Гектарына 30центнер түсіпті. Бірақ бұл былтырғыдан аздау көрсеткіш,дейді шаруалар.

Агарардың айтуынша, жаз жайлы болмаған. Әсіресе бір тамшы тамбай апталап тұрып алған шілденің шіліңгір ыстығы диқандарды титықтатып жіберген.

Жанатбек Бұғыбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Биылғы маусым ауырлау өтті.Құрғақшылық пен аптап ыстық біраз шаршатты. Өнім көлеміне кері әсерін тигізді. Күнбағысты мәселен былтыр гектарына 40 центнерден алып едік, биыл мінеки азайып қалды. Бірақ құр қол қалдық деуге келмейді. Өнімділік көлемі орташа.

Сала басшыларының айтуынша, шаруаларға шығымның аздығынан көрі, шығынның көптігі батады. Мәселен енді олар жинаған өнімді өткізу бағасы еңбегімізді ақтай ма,-деп алаңдаулы.Өйткені техниканың қосалқы бөлшектері, жұмысшылардың жалақысы сынды шығындарды былай қойғанда, жеңілдтелген дизель отынының өзі қымбатқа тиген.

Айгүл Құттыбаева, Алтай ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күні бұл шаруалар дизель отынының бір литрін 297 теңгеге сатып алып отыр.Жеңілдетілген бағаның өзі осындай болып тұр. Әрине бұл жеме-жемге келгенде өнімнің соңғы құнына әсер етеді. Жалпы біздің өңірде егін егудің бір тиімділігі -бізде бонитет бал жоғары. Кейбір жерде 70,ал кей алқапта 100-ді көрсетеді. Яғни дән ексең құр қалмайсың.

Ауылшаруашылық басқармасы өкілдерінің сөзінше, облыста орақ науқаны сәтті жүріп жатыр.Жаз жайсыз болса да,жер ана жерге қаратпапты. Әзірге жалпы 480 мың тоннадан астам астық қамбаға құйылды. Аймақта жиын-терін жұмысын агротехникалық мерзім кезеңінде аяқтау жоспарланып отыр.

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.