«Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Астанада жомарт жандар марапатталды. Мейірім танытып, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен азаматтар «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының жеңімпаздары атанды. Игі жобаны Тұңғыш Президент қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» Агенттігі бірлесе ұйымдастырып отыр.
Жаны жайсаң, жүрегі жылы жандардан «Қайырымдылық керуені» байқауына қатысу үшін 97 өтініш келіп түскен. Жомарт адамдардың арасынан тек бесеуінің ғана шоқтығы биік шықты. «Асар» аталымында қарағандылық Сымбат Елікбаева жеңімпаз атанды. Ол балаларға ұлттық бұйымдар жасаудан шеберлік сағаттарын өткізіп жүр. Ал «Туған жер» номинациясы Атырау облысының тумасы Арман Хайруллинге бұйырды. Бұл жігіт туған қаласында 10 мың көшет отырғызған.
Сымбат Елікбаева, байқау жеңімпазы:
- Кедергіге толы біраз жолды өттім. Сол жолда мені қолдап, көмектескен, менің еңбегімді бағалаған адамдар болды. Білімімен бөліскен адамдарға риза болғаным соншалық, кейін мен де аяғыма тұрғаннан кейін балаларға көмектесемін деп ойладым. Өзімнен кейінгі ересектерден гөрі оң-солын енді танып жатқан жас балаларды тәрбиелеймін.
Арман Хайруллин, байқау жеңімпазы:
- Еңбегімнің осылай еленіп отырғаны алғаш рет. Бұл менің істеріме әрі қарай жігер береді. Туған жердің тазалығы, өмірдің сапасы, қазақ тілінің шарықтауы – мен үшін үлкен мәселе және өмірлік ұстанымым.
Мұқтаж жандарға күніне 400 түскі ас таратып жүрген алматылық Расима Темербаева «Мейірім жолында» номинациясында озып шықты. Солтүстікқазақстандық журналист Александра Кондратова тағдырдың тәлкегіне ұшыраған азаматтар үшін көмек сұрап, мақалалар жазған. Бүгін оны «Қайырымдылық тарихы» аталымы бойынша марапаттады. Ал ақмолалық 10 жастағы Ұлдана Совет жалын жалмаған үйден інісі мен қос сіңлісін аман алып шыққаны үшін «Батыл жүрек» атанды.
«Қайырымдылық керуені» қайырымдылық деген ізгі қасиетке ие, көпшілік танымайтын, бірақ көпке үлгі боларлық жандарды анықтау үшін қолға алынған. Бұл игі шара Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылып отырғаны да сондықтан.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Кезінде осы жаққа келіп жатқан ұлт өкілдеріне жасаған қазақтардың жақсылығы мәңгі есімізде қалсын, өте жақсы дәстүрге айналсын деген ниетпен осындай күн жариялаған. Сол бастаманы жалғастырып, жыл сайын 1 наурыз күні бір-бірімізге алғыс айту, бір-бірімізге жақсылық жасау, жетімдерге, жесірлерге жәрдем беру жақсы дәстүрге айналсын деп жатырмыз.
«Қайырымдылық керуені» биыл да сапарын жалғастырмақ.
Авторлары: Жасын Біркенов, Марат Диханбаев