БҚО-да «Қайырымдылық керуені» ұйымдастырылды
Батыс Қазақстан облысында 550 үйді су басты, 7 мыңдай адам көшірілді. Табиғи апат тап қылған қиындықты жеңуге барша қоғам атсалысып жатыр.
Мәселен, облыстық орталық мешіт жанынан «Қайырымдылық керуені» ұйымдастырылған. Мешітке келуші жандардың жиған қаржысына алынған азық-түлік, киім-кешек аудандарға жіберіліп жатыр. Сонымен қатар күн сайын эвакуациялық пункттерге, тасқынға тосқын қойып жүрген құтқарушыларға ыстық тамақ жеткізілуде.
Самат Әлібаев, ҚМДБ БҚО бойынша бас имамы:
- Әуелі халықты сабырлылыққа, бірлікке, ауызбіршілікпен көмектесуге шақырамыз. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы тапсырма берді, барша қайырымдылық шаралары болсын, баршасын мешіт жанынан атқаруға, ауылдарға барып қиындыққа ұшыраған ағайынға қарайласуға үндеп жатыр. Сондықтан мешіт жанынан «Қайырымдылық керуені» ашылды.
Игілікті істен Қазақстан халқы ассамблеясы да шет қалмады. Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің күшімен су басқан ауылдарға 29 млн теңгенің жәрдемі жөнелтілген.
Жуырда гуманитарлық жүк Қаратөбе ауданына аттанса, енді кезекті көмек Бөрлі ауданына бет алады. «Ел басына күн туған қиын кезеңді жұрт болып жұмылып жеңеміз», - дейді ассамблея өкілдері.
Қазір ел бойынша 20 мыңнан астам волонтер халыққа қол ұшын созып жатыр. 30 шақты гуманитарлық көмекті қабылдау орнында 430 тонна азық-түлік, 150 тонна тұрмыстық керек-жарақ пен 3 тонна дәрі-дәрмек жиналған.
Елғон Жанәлиев, Әзербайжан энтомәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы:
- Осы табиғат апаты айтып келмейді. Облыс тұрғындары үшін, зардап шеккендер үшін бір қиындық. Бірақ әр қиындықтан кейін бір жеңілдік бар деген. Біз ассамблея болып, этномәдени бірлестігі болып, облыс кәсіпкерлерімен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдем қолын ұзартамыз.