Хабар телеарнасы

Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы артты

Батыс Қазақстан облысы Ресейдің 5 бірдей аймағымен шектеседі. Өткен жылы Орал өңірінің көрші елмен сыртқы сауда айналымы 865 миллион АҚШ долларын еңсерген. Соның ішінде экспорт 22% артып, 225 млн долларға жеткен. Ал биыл жыл басынан бері өңірде шетелдіктердің қатысуымен 75 кәсіпорын тіркелсе, соның 48-де ресейліктердің үлесі бар екен. Алыс-беріспен қатар барыс-келісті жақсартуға қатысты жоспар аз емес.

Бигбэк, яғни жұмсақ полипропилен контейнерлер шығаратын мына зауыттың ашылғанына көп бола қойған жоқ. Ресейліктердің қатысуымен құрылған кәсіпорында қазір 40 адам еңбек етеді. Полимер қапшықтар Еуроодаққа жөнелтіледі.

Игорь Авилкин, кәсіпорын директоры:

- Ашылғаннан бері өндіріс көлемі 3 есе артты. Дәл қазір 1 млн дана өнім шығардық. Нарыққа кіргенімізге көп болған жоқ. Келешекте өндіріс қуатын жылына 5 млн данаға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Дайын өнімді Польша, Англия, Бельгия, Австрияға шығарып жатырмыз. Қазақстандық тұтынушылармен де бірнеше келісімшартқа қол қойдық.

Биыл өңірде шетелдіктердің қатысымен 75 кәсіпорын тіркелсе, соның 48-інде ресейлік капиталдың үлесі бар. Былтыр облыстың көрші елмен сауда-саттық көлемі 865 млн долларға жетсе, экспорт көлемі 22 пайызға артқан. Ал жыл басынан бері Оралмен шекаралас өңірлерге 107 млн доллардың тауарын шығарған. Экономикалық байланыс алда әлі де нығаймақ. 

Нұржан Өтепбаев, БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Келер жылы көрші өңірлерге барып, облыстың инвестициялық әлеуетін таныстырмақшымыз. Осы бағытта келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қызығушылық жоғары. Бізде қазір Пойма ауылында 281 гектар жерде индустриалды аймақ салынып, инфрақұрылым тартылды. «Евразия» трансшекаралық сауда орталығында 3 компания тіркелді.

Егер әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара Ресей мен Қазақстан арасында болса, соның ең ауқымды бөлігі Батыс Қазақстанға бұйырған. Облыстың шығыс аудандары Орынбормен шектеседі. Самара, Саратов, Волгоградпен де байланыс жоғары. Ал ең шалғайдағы Бөкей ордасы ауданы Астрахань облысымен шекаралас орналасқан. Жергілікті кәсіпкер Жанболат Наурызов қажетті тауарлардың бірқатарын сол жақтан тасымалдайтынын айтады.

Жанболат Наурызов, Бөкейордалық кәсіпкер:

- Ресейден әкелсе, тиімді жері жол жақын. 30 шақырым Шоңғай, әрі қарай тағы 30 шақырым. Әрі қарай кілең асфальт Волгоградқа дейін барасың. Сосын арзан, көп арзан.

Қазір шекарадағы жеңілдетілген өткізу пунктінен тек Бөкей орда және Ахтуба аудандарының тұрғындары қатынайды. Басы артық тауарды да өткізе алмайды. Ал Молодость бекетінің дәрежесін көтеріп, мүмкіндігін арттырса, барыс-келіс жақсарар еді.

Бибігүл Жұмағұлова, БҚО кәсіпкерлер палатасы бөкей ордасы филиалының директоры, кәсіпкер:

- Барлығы да осы Молодость өту бекетінің екіжақты болып ашылуын сұрайды. Себебі туризмді дамытуға өте қажет. Тарихи құндылығымызды Бөкей ханнан бері қарай, біздің тек Бөкей орда құндылығы емес, қазақ халқының құндылығы. Тек Қазақстан емес, көрші Ресейдегі қандастарымыз келу керек, көру керек.

Батыс Қазақстан облысы Ресейдің шекаралас аймақтарымен сауда-экономикалық байланысты дамытуға қашан да ықыласты. Осы әріптестікті жаңа сапалық деңгейге көтерудің маңызы ерекше, - дейді мамандар.

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев