Басқа жобалар ОСЫНДА
Нұрбек Әмиша
Тілші
Журналистикаға келмеуім мүмкін емес еді.
Бұлай деуіме себеп көп. Мен туған Қаратерең деген ауыл Арал теңізінің жағасындағы ұядай мекен. Осы қара топырақтан кешегі «Социалистік Қазақстан» газетінде, бергісі «Сыр бойы» басылымдарында белсенді еңбек еткен ағайынды Шәкірәт, Шәкізат Дәрмағамбетовтар шыққан еді.
Абзал ағаларымыздың ізін журналист Бауыржан Омаров жалғады.
Кішкене кезімнен қаламға жақын болуыма осы алдынғы буын себеп болғаны сөзсіз. Сондықтан таланттар табы қалған топырақта туған менің де журналистикаға келмеуім мүмкін емес еді деп ойлаймын. Қазір шама келгенше, артқы толқын - бізге жүктелген аманатты арқалап жүрген жайым бар.
Қаламгерлік «қара жұмысымның» қара шаңырағы «Халық» газеті болды.
«Сыр бойы» газеті шығармашылығыма серпін берсе, «Айқын» газетіне келуім Алла бұйыртқан бір бақыт деп білем. Серік Жанболат, Бауыржан Омаров және Нұртөре Жүсіптер бас редактор әрі ақылшы аға ретінде көкжиегімді кеңейтті.
2009 жылы жергілікті «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының табалдырығын аттадым. Тікелей эфирдегі «Өзекжарды» бағдарламасын бір жыл жүргіздім.
Еліміздің бас арнасы – «Хабарға» келуім еңбек кітапшамнан ерекше орын алары сөзсіз. Серік аға Абас-шахтың командасында пісіп-жетілдім, редактор, шеф-редактор, кейін продюсерлік қызметті игердім.
«Хабардың» жаңалықтар қызметінде жүріп жедел жанрдың қыр-сырына қаныға түстім.
«Хабармен» бірге қатар ғұмыр кешіп келе жатқан «Жеті күн» командасының құрамасына кіруімді сәттіліктің басы деп есептеймін.
Қолдан келгенше, қаламым жеткенше Қазақ еліне қызмет ету мұратым!