«Орталық Азия таланттарды іздейді» тележобасының ашық тыңдалымы басталды
Ашық тыңдау осыған дейін Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда өткен болатын. Шоуға кез келген дарынды жан қатыса алады. Жасы мен жынысына шектеу жоқ. Үздіктер желтоқсан айында «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.
Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театры түрлі өнер иелеріне лық толы. «Орталық Азия таланттарды іздейді» жобасына қатысуға келген үміткерлер ашық тыңдау алдындағы соңғы дайындығын пысықтауда. Биші қыздар қимылдарын, сиқыршылар қойылымдарын қайталап жатыр.
Айтжан Егембердиев, иллюзионист:
- Шоуға келіп, бағымызды сынауға бел будық. Басты мақсат – ұту емес, өнерімізді халыққа паш ету. Осындай таланттарға арналған бағдарламалар көбірек болса екен.
«Орталық Азия таланттарды іздейді» жобасы – әлемдегі ең танымал телебағдарламардың бірі. Тіпті Гиннестің рекордтар кітабына енген. Жыл сайын 70-тен аса мемлекетте дәстүрлі өтіп тұрады. Бұл жоба біздің елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан елінің таланттары да қатыспақ.
Нұржан Жұмашев, «Central Asia's Got Talent» жобасының продюсері:
- Жоспар бойынша іріктеліп алынған 8 үміткер қорытынды сынға жолдама алады. Ол жерде топ болып қатысатындар да бар. Әр елден үздік деген 4 жеңімпазды таңдап аламыз. Қорытынды сында Орталық Азия бойынша жүзден жүйрік деп танылған ең дарынды өнерпазға 10 млн теңге сыйақы табысталады. Қалған 4 қатысушы 3 млн теңгені бөліп алады.
Талай елдің көрермендерін тамсандырған жобаның біздің еліміздегі соңғы сайысы 22 желтоқсанда өтеді. Ол «Хабар» арнасының тікелей эфирі арқылы Орталық Азия елдерінде де көрсетіледі. Айта кетейік, бұл шоуға 1500-ден аса адам қатысуға ниет білдірген.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев