Ардагер Талғатбек Қадыров Мәскеудегі шеруге шақырту алды
Жасы 90-нан асқанымен санасы сергек, қайраты тың қария жолдың қашықтығына қарамастан, қызыл алаңдағы шараға қатысамын деп отыр. Сөйтіп қан майданнан оралмай қалған боздақтар үшін мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, майдандастарымен қауышпақ.
Талғатбек Қадыров ақсақал соғыс басталған жылы Целиноградтағы әскери оқу орнына алынып, 1942 жылы сол жақтан майданға аттанған. 363 атқыштар полкінің құрамында талай кескілескен ұрыстарға қатысады. Ленинград, Сталинград түбіндегі шайқастардың көзі тірі куәгері. Елге тек 1947 жылы оралады. Содан табаны күректей 40 жыл бойы ауылшаруашылық саласында жемісті еңбек еткен. Енді келер ұрпақ соғыстың не екенін білмей, Тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігіміз баянды болса екен деп тілейді көнекөз қария.
Талғатбек Қадыров, ҰОС ардагері
-Бұл дәуір, 21 жыл ішіндегі дәуір Назарбаев келгеннен бергі, егемендік алып, жеке кеткеннен бергі өмір бұрын-соңды қазақта болмаған өмір. Біздің көргенімізді көрмеңдер. Өркендеп, өсе беріңдер. Дендерің сау болсын, өмір жастарың ұзақ болсын. Еңбектен қашпаңдар, еңбек етіңдер. Оқыңдар, білім алыңдар, елді қорғайтын азамат болып өсе беріңдер.
Ақсақалдың кеудесі марапатқа толы. Майдан даласындағы ерлігі мен соғыстан кейінгі жылдардағы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Немере-шөберелері батыр аталарын әрдайым мақтан тұтады. Ал қария болса, 9 баласынан тараған ұрпақтарының ортасында алаңсыз ғұмыр кешіп жатқан жайы бар.
Марғұлан Қадыров, ардагердің немересі
-Атамыз: «Жұмыс істеңдер, оқыңдар, бос жүрмеңдер, жақсы азамат болыңдар, біздің көргенімізді көрмеңдер», - деп айтып отырады. Өнегелі сөз айтып, бізді алға қарай жетелейтін атамыз. Атамызға денсаулық тілеймін.
Ардагер: «Жақында Елбасының құттықтау сәлемдемесін алып, бір марқайып қалдым», - дейді. Бұған қоса қарт жауынгер 9 мамыр күні Мәскеуде өтетін салтанатты шеруге шақырту алған. «Енді соған барып, майдандастарыммен бір қауышып қайтсам» деген тілегі бар қарияның.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов