Хабар телеарнасы

Жезқазғанда ұзақ уақыт үй кезегінде тұрған 60 отбасы баспаналы болды

Жезқазғанда ұзақ уақыт үй кезегінде тұрған 60 отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтерге ие болғандардың қатарында көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінің түлектері бар.

Азамат Кенжетаев 5 баланың әкесі. Кенжесін 2 күн бұрын ғана босанған келіншегі әлі перзентханада.  Шаңырағы шаттыққа кенелген отбасы бұл үйді 10 жыл күткен. 

Азамат Кенжетаев, қала тұрғыны:

- Қуаныштымын. Қуанышымда шек жоқ. Жолдасым әлі роддомда. Үй көңілімізден шықты. Жақсы! Бұйырғаны. Балалардың несібесі ғой.

Баспаналы болғандардың барлығы әлеуметтік санатқа жататын отбасылар. Яғни асыраушысынан айырылған, аз қамтылған жанұялар.

Ольга Коновалова, қала тұрғыны:

- Жалғызбасты анамын. Үй кезегіне 14 жыл бұрын тұрғанмын. Кеше пәтер аласыз деп қонырау шалғанда қатты қуандым. Түні бойы ұйықтай алмадым. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Жезқазғанда тұрғын үй құрылысы биыл қарқын алды. Жыл соңына дейін 60 мың шаршы метр баспана салынады. Олардың дені қаланың Батыс бөлігінде бой көтермек.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:

- Жезқазған қаласы, жалпы Ұлытау өңірі дамуында жаңа тыныс алып жатыр. мына жерде үлкен әлеуметтік және басқа да мәдени нысандар болады. бұл жер қаланың болашақта үлкен орталығы болады.

Бүгінде облыс орталығында кезекте тұрғандар үшін тағы бірнеше көпқабатты үй салынып жатыр. Нәтижесінде 270 отбасыға пәтер кілті табысталмақ. Жалпы өңірде 5 мыңға тарта адам баспана кезегінде тұр. Оның  2 мыңы – Жезқазған қаласының тұрғыны.

Авторлар: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.