Хабар телеарнасы

Елімізде 650 мың адам мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұр

Үй кезегі келе ме? Қазіргі таңда еліміз бойынша 650 мың адам мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұр. Демек, осыншама адам баспана алуға қауқарсызбын,- деп өтініш берген. Бірақ биылғы түгендеу барысында 34 мың адам жалпы кезектен шығарылған. Себебі құжаттары сай емес, не баспаналы болып үлгерген. Алайда 10 жылда әрең жылжитын кезекті күтіп жүргендер әлі де аз емес.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Олжас Молдахметов қолы бос уақытта телефонын шұқылап, үй кезегін қарайды. Себебі ол 2017-ші жылы құжат тапсырып, бюджеттік ұйымның қызметкері ретінде кезекке тұрған. Тіркелген кезде алдында 21 мың адам болған екен. 7 жылда кезегі 7 мыңға енді жеткен.

Олжас Молдахметов, мұғалім:

- Өзім тексеріп тұрамын. Бірақ ақырын жылжып келеді. 7 жыл деген аз уақыт емес қой. Жас мамандарға көмек болса, жақсы болар еді мемлекет тарапынан. Пәтер жалдап тұрамын. Жас отбасымын. Жаңадан үйленгенмін.

Тілші: Олжас секілді мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға еліміз бойынша 651 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Ал, жыл басынан бері 34 мың адам бұл кезектен шығып қалған. Себебі, түгендеу кезінде олар көрсетілген шарттарға сай келмеген. Алдағы уақытта 300  мыңға жуық адам дәл осылай кезектен шығуы мүмкін.

Аида Уақбаева, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бас сарапшысы:

- Көбіне сол үй алып немесе жер алып, үй салғандар. Немесе тұрғылықты сол мекенжайын ауыстырған азаматтар. Немесе бұрын берген мәліметтері расталмай шыққан, мүгедектігі расталмаған. Егер әлеуметтік осал топқа жатпай қалған кездерде, сол кездерде оларды кезектік  тізімнен алып тастайды.

Ал мемлекеттік тұрғын үйді соғыс ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы аналар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары және мемлекеттік қызметшілер алуға құқылы. Барлығы емес. Олар  өздерінің күнкөріс деңгейінің аз және баспанаға мұқтаж екендіктерін растауы қажет. Бірақ бұл үйдің өзі тегін берілмейді.

Бекжан Сипат, Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ баспасөз хатшысы:

- Яғни халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға арналған сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер бағдарламасы. Яғни бұл жерде тұрғын үй шексіз уақытқа қолданысқа беріледі. Әрбір 5 жыл сайын келісім ұзартылып отырады. Айлық төлемі бұл бағдарлама аясында 10 мыңнан -15 мыңға дейінгі аралықты құрайды. Сонымен қоса «Отбасы банк»  арқылы белгіленген жеңілдетілген кредиттік бағдарламалар бар және де сатып алу құқығымен пәтер бағдарламасы.

Жыл басынан бері еліміз бойынша кезекте тұрғандарға жеңілдетілген несиемен 4,5 мың пәтер берілген. Ал 22 мыңнан астам тұрғын жалдамалы пәтерге кірген. Бір ғана Астана қаласы бойынша биылдың өзінде дәл осы мақсатта 8 тұрғын үй кешені салынып жатыр.

Бірақ біздің кейіпкер Олжастың қашан үй алатыны белгісіз. Себебі кезегі жақындаған күннің өзінде бюджеттік ұйым қызметкерінен бұрын, соғыс ардагерлері мен жетім балалар санатына басымдық беріледі.

Алуа Маханбет